Оңтүстік Қазақстан облысынан 305 тонна ауыл шаруашылығы өнімі тиелген керуен Алматы қаласына аттанды. Бұл тауардың жалпы құны 140 млн теңгені құрайды.
Атап айтқанда, 91 тонна ет, шұжық, 88 тонна көкөніс, 14 тонна картоп, 38 тонна бақша өнімдері, 74 тонна өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері мен 31 мың дана жұмыртқа бар. 15 тамыз күні Алматы қаласындағы «Астана» алаңында өтетін жәрмеңкеде Оңтүстіктен жеткізілген сапалы өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін арзан бағада тұрғындарға ұсынылмақ.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда елеулі жұмыстар атқарылуда. Егістікті әртараптандыру мақсатында мақта мен бидай алқаптары кемітіліп, көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемі 3 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы егіс көлемі 785 мың гектарға жетті.
Биылғы алғашқы жарты жылдықта тамшылатып суғару әдісі 41,1 мың гектар, жылыжай көлемі 1005 гектарға жеткізілді. Мал шаруашылығын дамыту іс-шарасы аясында 2735 мал бордақылау алаңы, 516 жанұялық сүт фермасы, 41 сүт қабылдау бекеті, 16 шағын құс фермасы ашылады.
Облыста биыл 850 мың тонна көкөніс, 1200 мың тонна бақша өнімі, 85 мың тонна жеміс-жидек, 58 мың тонна жүзім өндіру жоспарлануда. Бұл облыс халқының қажеттілігі бойынша көкөністен 2 есе, бақша өнімдерінен 6 есе, жеміс-жидектен, жүзімнен 3 есеге артық.
ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі