Енді Шымкенттің жолаушылары ешқайда кешікпейтін болды. Өйткені шаһарда ең үлкен сағат қайта іске қосылды. Қаладағы теміржол вокзалында ұзақ жылдар бойы тілі үздіксіз соғып, уақыт өлшемін көрсетіп тұратын сағат бір кездері тұралап қалған болатын.
Осыдан кейін қалалықтар сағатқа сенуден қалған. Сол үшін 2012 жылы монументті қайта жөндеу кезінде сағат біржола алынып та тасталды. Енді, міне, араға екі жыл салып, жаңадан орнатылған нысан қаланың көркін қайта кіргізіп тұр. Мұны бірден байқаған тұрғындар да қуанышты. Уақыт кеңістігін бағдарлап тұратын, ұлттық нақышта жасалған сағат жолаушылардың пойыздан кешікпеуіне сеп болары анық.