Оңтүстік жұртшылығы Құрбан айтты ұлттық ойынмен сабақтастырды

422
25 жігіттің ішінде қошқарды ең көп көтергені 150 рет

Құбан айт – мұсылманның ең ұлық мейрамы. Алла тағала Құранда «Раббың үшін Айт намазын орында және құрбандық шал» деген. Бұл мереке айт намазын оқудан басталады. Айт намазына ешнәрсе жемей, кейіннен құрбандыққа шалған малдың етінен ауыз тию керек.

Орталық мешітте Айт намазына 7 мыңнан астам адам тұрды
Орталық мешітте Айт намазына 7 мыңнан астам адам тұрды

Таң сәріден оңтүстікқазақстандықтар ұлық мерекеде ізгі ниетімен, мешітке ағылды. Дұға оқып, тілек тілеуге жиылған кісінің қарасы көп. Облыстық Орталық мешітке келушілердің көптігі сонша, айт намазын сыртта оқығандар да аз болған жоқ. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екені де айтылған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=13dJJRBaNpM[/youtube]

Аллаһ Тағала әмірі мен пайғамбарлар сүннетін орындау Жаратушы Иеміздің ризашылығына жақындатып, ақыретке сый -сияпатына кенелтеді. Сондықтан да айтқа ниеттеніп, дайындалушы немесе ынта-ықыласымен құрбандық шалушының Тәңірі мейіріміне бөленіп, о дүниеде жүзі жарық, мол сауапқа ие болары сөзсіз. Намазға келуші жас пен кәрінің ойы осыған саяды.

Айт намазына қатысу сүннет
Айт намазына қатысу сүннет

«Құрбан айт» күні ерте тұрып, ғұсыл алып, таза киім кию, хош иісті әтір сеуіп, көшеде кездескен адамға ашық жүзбен қарау, айтпен құттықтау – Пайғамбар сүннеті.

Намаздан кейін құрбандық шалуға рұқсат етіледі. Оңтүстік жамағаты да мешіттегі арнайы мал соятын орындарда құрбандық шалуға асықты.

Орталық мешіт алаңында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 2018 жылға дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған. Осыған орай діни мерекелер кезінде мешіттер алдында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар да ұйымдастырылыпты.

Жасөспірімдер өз ара сайысты
Жасөспірімдер өз ара сайысты

Биыл екінші рет өткізіліп отырған шараға қатысам деушілер де көп. Ал ересектер жағы қол күрес және қошқар көтеруден мықтылығын көрсетуге тырысты.

25 жігіттің ішінде қошқарды ең көп көтергені 150 рет
25 жігіттің ішінде қошқарды ең көп көтергені 150 рет

Сайыс өте тартысты өтті. Былтырғы жеңімпаз қошқарды 110 рет көтерген екен. Сайысқа 25 жігіт қатысты. Серғазы палуан көшқарды 150 рет көтеріп, «Ең мықты жігіт» атанды. Оған жүлде ретінде өзі көтерген қошқар берілді. Осылайша, Құрбан айт мерекесі ұлттық дәстүрмен сабақтасып, жамағаттың көңілі бір серпілді. Бір-біріне деген ыстық ықыласымен, ізгі тілегін айтып тарқасты. Бірі өмірден өткен мұсылмандардың шаңырағына дұға етуге бет алса, енді бірі, атаған малын союға қамдануда. Ниет қабыл болғай!