Оңтүстік өзінің үздік сынып жетекшісін анықтап жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауға 15 үміткер қатысуда. «Үздік сынып жетекші-2015» байқауының жеңімпаздары республикалық додаға жолдама алады.
Сынып жетекшісінің міндетін айқындап, жауапкершілігін арттыратын сайыстың биылғы талабы жоғары. Әрбір жетекші өзінің тың тәрбие жұмысын таныстырады. Инновациялық және шығармашылық идеяларын көпшілікке паш етеді.
Марина Жаңабаева, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Сынып жетекші ең алдымен баланың жан дүниесін, ішкі психологиясын, жас ерекшелігін түсінетін және ата-анамен тіл табыса білетін маман болу керек. Және қазіргі заманғы жаңа технологиямен қаруланған әрі өзінің жұмысында пайдалана алатын маман болу керек. Міне, осындай талаптарды сынып жетекшілерін қоя отырып, үздік жетекшілерді анықтаймыз».
Үздік сынып жетекші атағына үміткерлердің бірі — Динара Өскенбаева. Жас ұстаз Арыс қаласының намысын қорғауға келген. Төрт жылдық тәжірибесі бар маман сынып жетекшіге жүктелген міндетті жақсы біледі. Оқушының сырласы да, құрдасы да бола біледі. Егеменді елдің есті ұрпағын тәрбиелеу, мәңгілік елдің мұрагеріне саналы тәрбие беру негізгі мақсатым дейді.
Сонымен, конкурс қорытындысы бойынша Оңтүстіктің үздік сынып жетекшісі болып Анаркүл Далабаева таңылды. Мақтараал ауданының мұғалімі енді Оңтүстіктің намысын республикалық додада қорғайтын болады. Ал екінші орынды шардаралық ұстаз Бекежан Сейілов пен түркістандық Ұлсерік Бексейтова жеңіп алды. Отырар ауданының үздік сынып жетекшісі Мира Сейілбекова үшінші орынға лайық деп танылды.