Шымкентте Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Зүлфия Забирова мен Серік Сапиевтің қатысуымен қайырыдылық велошеруі өтті. Жаңбырлы және суық ауа райына қарамастан велошеруге 100-ден астам адам қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахвмовтың өзі шығарып салды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=a2vOC-hG7-U[/youtube]
Шеру жолы «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінен басталып, аяқталды. Яғни, қатысушылар осы жерден шығып, Наурыз алаңына барып, қайтып келді. Жолдың жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайды.
— Біз осы қайырымдылық қорын ұйымдастыруды ойлап, Шымкенттегі достарымызға хабарластық. Ал олар қалалық әкімдікпен байланыстырып, енді, міне, шеруді ұйымдастырып отырмыз. Бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймын, — дейді Александр Винокуров.
Велошеру аяқталған соң ұйымдастырушылар велосипедшілерді түрлі номинациямен марапаттады. Оның ішінде ең жас және ең қарт қатысушы да бар. Одан кейін «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде қайырымдылық аукционы өтті.
Зүлфия Забироааның қолтаңбасы бар веложейдесі 50 000 теңгеге, ал Александр Винокуровтың Лондондағы Олимпиаданы жеңіп алған сәтіндегі жейдесі 120 000 теңгеге сатылды.
Тағы бір Олимпиада чемпионы, «Астана Арланс» командасының жетекшісі Серік Сапиевтің қолтаңбасы бар бокс қолғабын шымкенттік тұрғын 150 мың теңгеге сатып алды.
Ал «Вуэльта Испания — 2015» велокөпкүндігінің жеңімпазы, «Астана» командасының шабандозы Фабио Арудың жейдесі 90 000 теңгеге өз иесін тапты.
Соңында электрлі моторы бар, жалғыз өзі шығарылған велосипедті спортқа жаны құмар жандардың бірі 900 000 мың теңгеге сатып алса, Александр Винокуровтың өз атынан шығарылған, бірегей карбон велосипеді аукционда 1 650 000 теңгеге сатылды.
Осы қайырымдылық аукционында жиналған 4 миллион теңгеге жуық қаржы Қазақстандағы велоспорты мектептеріне велосипедтер мен керек-жарақ сатып алуға жұмсалады дейді ұйымдастырушылар.