Қала бюджетінің игерілмей қалу қаупі бар

334
Қалалық әкімдік

2015 жылды қорытындылап, атқарылған тірліктерді саралауға бір ай қалды. Осыған орай Шымкент қаласының әкімдігі биылға жоспарланған бюджеттің орындалу барысын талқылады. Белгілі болғаны, қала бюджетінің 816 млн 515 мың теңгесі игерілмей қалу қаупі бар.

Қалалық әкімдік

Шаһарда жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс 7 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталмай қалуы мүмкін. Оның алтауы — халыққа ауадай қажет ауызсу, жарық және көгілдір отын тарататын нысандар. Ал біреуі — көп қабатты 1 үй. Шенеуніктер мемлекеттік сатып алу конкурсының кеш өтуіне байланысты межелеген жоспарды орындай алмайтындарын алға тартып, қала басшысынан нысандардың тапсырылу мерзімін келер жылға қалдыруды сұранды.

Бөлім басшыларының бұл ұсынысын қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қолдамады. Әкім ауызсу, жарық және газдың тұрғындар үшін маңыздылығын түсіндіріп жатпады, бірден құрылыс жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін барлық нысанды тапсыруды міндеттеді.

Бұдан бөлек, алқа мәжілісінде 2015 жылы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын талқыланды. Биыл қала бойынша 9 бағдарлама іске асуы тиіс екен. Бұл тұрғыда да жыл соңына дейін тиісті шаралар атқарылатын болады деп сендірді сала мамандары.

Нұрлан Жаңабай