№33 мектептің ұжымы директордың орнынан кетуін талап етті

466
№33 мектептің мұғалімдері

«Мектеп – білім беру емес, айғай шудың ордасына айналды. Шәкірттердің дұрыс дәріс алуына мүмкіндік бермейтін директор орнынан кетсін!» Шымкенттегі №33 мектептің ұжымы осылай деп талап қойды.

№33 мектептің мұғалімдері арызын арқалай қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиевті іздеп келді. Айтуларынша, тағайындалғанына әлі жыл толмаған директорлары педагогтардың жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді. Амалы таусылып, ашуға булыққан ұстаздар білім ұясындағы ішкі-жағдайды жайып салды.

№33 мектептің мұғалімдері
№33 мектептің мұғалімдері

Күлбибі Ойшиева, №33 мектептің мұғалімі: «Жын ұрған жандай өзі сабақ үстінде келеді де әй-шайға қарамай, оқушылардың көзінше айқайға басады. Менің жасым үлкен болған соң, жанына барып, жайлап та айттым, ақылымды айттым, бірақ, құлақ аспады. Талай жылдан бері қызмет етіп жүрген орынбасарын да қызметтен босатты. Тіл байлығы, ақыл-парасаттан да жұрдай жан екен. Ал оның күйеуі мектепті айналшықтап шықпайды, сабақ үстінде сыныпқа кіріп алып отырады. Қазір ақша бергендерді мектептің директоры етіп тағайындай беретін болды ғой, оның мамандығына, түкке де қарамайды. Мәселен, біздің директорымыздың мамандығы – дефектолог, сосын мен Ы.Мәдиевке айттым, бұл не деген бассыздық деп. Мейлі математик, болмаса өзге де пән мамандығын тәмамдаған білікті педагогтар көп қой?»

Жиналған ұстаздардың сөзіне сенсек, Кенесары Қасымов атындағы №33 мектепте 9 айдан бері мұғалімдер қудалауға түскен. Бұл жағдай білім ұясының білім беру сапасына едәуір әсерін тигізіпті.

Несібелі Жүсіпова, №33 мектептің мұғалімі: «Жаңа келген басшы ұжымды келеке етіп, ойына келгенін жасауға болмайды ғой? Білікті ұстаздарды жұмыстан қуып, қызметтен құртып, өзге біреуді алып, мектепті былыққа батырды. Жаңа директорымыз тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын жұмыстан қуды, өзге де бірқатар педагогтарды шығарды. Бұл жағдайлардың барлығы да білім сапасына кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, директордың ауыр сөздері мен балағаттағанын естіп, мұғалім сыныпқа жылап кіреді, сөйлеген шәкіртке ол жекіріп беруі мүмкін, сабақ жайында қалады сосын».

Оқушыларға білім беруды ығыстырып, басшыны ауыстыру мәселесімен бас қатырған мұғалімдер білім бөлімі басшысымен жолыға алмады. Ал мектептің мазасын қашырды деп айыпталған директор Айгүл Аманова түсірілім тобын көре сала басын ала қашты.

Педагогтар білім бөлімі басшысының қатысуымен өтетін жиынды күтті. Соңғы үміт, соңғы шешім – ұжымның тынышын сақтау.

Ал әселенің ушыққанынан хабардар болған қалалық білім бөлімінің басшылығы Кенесары Қасымов атындағы №33 мектепке өздері барды. Ұжыммен кездескен бөлім басшысының орынбасары Дина Ағманова педагогтардың пікірін тыңдады. Бірақ, ешқандай нақты жауап қата алған жоқ. тек ұстаздардың уәжін қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиеваке жеткізетінін айтты. Және бұл үшін директор ғана емес, оның орынбасары да жазаланып, орынтағын босатуы керек деп отыр.

Дина Ағманова, Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары: «Бұл мәселені тыңдадық, енді басшысыз Ы.Мәдиевке айтатын боламыз, шешімді де басшымыз қабылдайды енді. Бірақ, менің ойымша директормен бірге орынбасарын да ауыстыру керек, неге десеңіз, ұжымды соншалықты қинап, соншалықты дәрежеге жетуіне екі тарап та кінәлі деген ойдамын, жауапкершілікке де екеуі тартуы тиіс».