Арыстың абыройын асқақтатқан ән әкімнің төлқұжатына айналған

568

Арыстың ағарғанын ішіп, махаббат әнін салатын уақыт жақын. Аудан әкімі өзінің керемет қалада өмір сүріп жатқанымен мақтанады. Ол екі-ақ сөзімен барлық кедергіні кері тастап, Арыстың абыройын асқақтатып жатқанын айтты. Коммуникациялар орталығының Оңтүстіктегі филиалында тілшілерге есеп берген Сейіт Ертай ауданның әлеуметік-экономикалық жағдайына тоқталды.

Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым. Бұл өлең жолдары – Арыс әкімінің ұраны. Осы ән арқылы кез келген кедергіні кесіп өтеді.

«Бір жерлерге барғанда куәлігіңді көрсетесің. Сонда екі-ақ ауыз сөз айтам. «Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым» десем, «А, сіз сол қаланың әкімісіз бе?» деп таң қалады. Бірден куәлікті жабады да, «Ақ жол» деп айтады. «Арыс қандай»? деп сұрайды, «Күшті деймін» деп, әкім өз есебін тыңдауға келген тілшілерді күлкіге қарқ қылды.

Осылайша өзі билік ететін ауданның жетістігін жіпке тізіп шықты. Ауыл шарушылығын дамытып,мемлекеттік бағдарламаларды артығымен орындап отырғанын айтты. Ауылда «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру жолға қойылған. Айтуынша, күнгейді ғана емес, бүкіл Қазақстанды ағарғанмен қамтуды жоспарлап қойыпты. Сүт зауытын іске қосып, асыл тұқымды түліктердің санын арттыратын кәсіпкерлерінің көбейгенін жеткізді.

Осы тұста, Арыстың атын шығарған томат зауытының тыныс-тіршілігін сұрадық. Бір кездері дүркіреп тұрған кәсіпорын алма шырынын шығаруға бағытталғанын айтып едік, оның жекенің қолына берілетінін жеткізді.

Сейіт Ертай, Арыс ауданының әкімі: «Ол зауыт жекешелендіруге беріліп жатыр. Сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инвестор таптық, жылдың соңына дейін сол инвестордың қолына өтеді. Келесі жылдан бастап нәтижелі жұмыс болады деп отырмыз».

Ал жуырда ғана монтайтастықтарды түн ұйқысынан айырған шөп өртеу оқиғасы әкімге де ауыр салмақ салыпты. Ала жаздай қыстық шөбін орып, мал азығын дайындаған ағайынның қайғысына ортақтасып, көмек қолын созыпты.

Жергілікті әкімдік жапа шеккен сегіз отбасына өз есебінен жем-шөбін түсіріп бергені. Ал кінәліні ауыл билерінің алқасына салмақ. Ол азаматты жауапкершілікке тартпау жөнінде жұмыс жасап жатқандарын жеткізді.

Сейіт Ертай, Арыс ауданының әкімі: «Оны елдің алдына салдық. Жапа шеккен адамдардың барлығы ортаға салып, оны сотқа жеткізбейтіндей етіп істеп жатырмыз. Ауылдың азаматтарының барлығы да келісімін беріп отыр. Жапа шеккен он бес үйдің ішіндегі сегіз тұрмысы нашар отбасыларына біз көмек беретін болып келістік. Және ол көмегімізді бердік. Демеушілерді тарта отырып, мың престі шөпті таратып бердік».

Тоғыз жолдың торабындағы ауданның әлеуметтік жағдайы да жақсарған. Биылдың өзінде шалғай ауылдарда мектептер салынып, балабақшалар ашылған. Сондай-ақ, төрт орта мектеп салынып, дендросаябақ құрылуда.