Бауыржан Момышұлы даңғылы кеңейтілуде

421
Бауыржан Момышұлы даңғылын жөндеу

Шымкенттік жол салушылар ала жаздай әрекет етпей, күздің қара суығында жол салып жатыр. Бұған қаражатын қарастырып, тапсырысты бөліп беретін жауапты мекеме де жайбарақаттық танытқан. Бауыржан Момышұлы даңғылын қайта жаңартуға қатысты тұрғындардың уәжі осындай. Қоңыр салқын мерзімнің құрылысқа кедергі келтіретінін мердігер де жасырмайды.

Бауыржан Момышұлы даңғылын жөндеу

Қаладағы Бауыржан Момышұлы даңғылының 240 метр аралығындағы жолда құрылыс жүргізілуде. Мұнда 9 метрлік көшенің енін 18 метрге дейін кеңейту қолға алынған. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес ирригациялық жүйелер, электр бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Мердігер мекеме биылға бөлінген 73 млн теңгені жылдың соңына дейін игермек. Дегенмен, жұмыс барысында қолбайлау тұстар да кездесіп жатыр екен.

Бауыржан Момышұлы даңғылын жөндеу

«Қызыл» сызықтың үстіне салынған құрылысты бұзуға кәсіпкерлер келіспей, сотқа шағымданған. Бұл тағы біраз уақытты алары сөзсіз. Алайда, осыған қарамастан, қыркүйекте басталған жұмыс келер жылы мамырда аяқталады деген жоспар бар. Ал сапасына сол кезде баға беріледі.

Құрылысқа қазынадан 90 млн теңге жұмсалмақ. Енді мердігер басты межеге мерзімді емес, сапаны алса болғаны деп тілейді жұртшылық.

Шынар Оразова