Жағдайы жасалмаған театрдың көрермені аз

278
Мәдениет басқармасы

Оңтүстікте сегіз театр қызмет етсе де маусым сайын жаңа спектаклдерін сахналайтын өнер ордасына келушілердің қатары қуантпайды. Ал ашық аспан астындағы ескерткіштер қараусыз қалған. Ол аздай, мәдени ошақтар өздеріне міндеттелген ақылы қызметті орындай алмай отыр. Бұл өзекті сауалдар облыстық мәдениет басқармасындағы алқа мәжілісінің отырысында мәлім болды.

Мәдениет басқармасы

Облыстағы 743 мәдениет және өнер мекемесінің атқарған жұмысын басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханов мәлім етті. Он айда 22 мыңнан аса мәдени іс-шара өткізіліпті. Оның ішінде алтауы ғана республикалық байқау мен фестиваль.

Ал кәсіби сегіз театр қырыққа жуық қойылымды сахналап, көпшіліктің көңілінен шыққан. Алайда келушілердің саны облыс әкімінің орынбасарын қуантпады. Ерлан Айтахановтың айтуынша, бұл рухани азықты түсінбеушіліктен емес, өнер ордасында көрерменге жасалған жағдайдың жоғынан туындап отырған кемшін тұс.

Ерлан Айтаханов, облыс әкімінің орынбасары: «Елді театрға бармайды дейміз, бірақ оларға жағдай жасалмаған ғой. Неге осыны ескермейміз? Мысалы, театрда жылу жоқ.»

Сондай-ақ, облыс басшысының орынбасарын күнгейдегі тарихи ескерткіштер алаңдатады. Өңірдегі 1200-ден аса тас мүсін қараусыз қалмасын деп тапсырды. Созақ ауданындағы Ақсүмбе мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайтынын ескертті. Ал мәдениет басқармасының өкілдері өз кезегінде құр қол отырмағандарын жеткізіп, ескерткішті қайта жөндеуге ірі өнеркәсіпке қолқа салып отырғандарын айтты.

Биыл Оңтүстіктің өнер ордалары 195 жас маманмен толыққан. Оның 22-сі – мүмкіндігі шектеулі жан. Тағдыр тәлкегіне түссе де қоғам тіршілігінен тыс қалғысы келмегендерге мәдениет басқармасы қолқабыс етіпті.

Алқа мәжілісінде өнер мекемелерінің жеке табысы да сараланды. Бюджеттен бөлінген қаржының тым құрығында 20 пайызы өтелуі тиіс. Алайда оны артығымен орындайтын облыстық филармония әншілері ғана екен. Сондай-ақ, «Оңтүстік-цирк» ұжымы да түрлі бағдарламалармен он мыңнан аса көрерменді қамтыған.