Жаңа жылдан бастап жалақы төлеу жүйесі өзгереді

534

Азаматтық қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі өзгереді. Нәтижесінде әрбір мемлекеттік қызметкер еңбек өтілі мен санатына қарай жалақы алады. Айта өтейік, елімізде 1 млн 200 мың мемлекеттік қызметкер бар.

Олар жаңа жүйе бойынша 4 функционалдық блогқа бөлініп отыр. Жаңа 2016 жылдан бастап кімнің қандай жалақы алатын министр ханым жіті түсіндіріп берді.

Елімізде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілетінін айта келген Тамара Дүйсенова сала мамандарымен жеке-жеке кездесті. Мемлекеттік қызметкер санатына жататындарды жинаған министр жүйенің жаңалығын бір сағат тапжылмай баяндап шықты. Азаматтық қызметкерлер 4 санатқа бөлініп, жалақылары сараланып, сала бойынша 28, 29, 40 пайызға дейін көбейеді.

Тамара Дүйсенова, Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі: «Мысалы, мұғалім осы уақытқа дейін 48 пайыз еңбегі үшін, ал 51 пайыз қосымша атқарған жұмыстары үшін жалақы алып келген. Бұдан былай олай болмайды, мұғалімнің еңбек өткен өтілі мен санатына байланысты алатын еңбекақысы 75 пайызды құрайтын болады».

Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы деңгейлеріндегі алшақтықты азайтуды көздеген жобаның өзге де жаңалығы көп. Мұғалімдер мен дәрігерлердің беделін арттыруға мүмкіндік береді. Тынымсыз ізденімпаздығы мен қосымша атқарған еңбегіне жалақыдан бөлек қосыша ақы төленеді. Яғни, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметкерлердің сапасын жақсартады.

Сейдуалы Темірбаев, Сайрам ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы: «Жаңа өзгеріс әрбір қызметкерге серпіліс береді деп ойлаймын. Әсіресе күн-түн демей, демалыс күндері, мереке күндері жұмыс жасайтын мәдениет қызметкерлері үшін жақсы жаңалық болды».

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Қасымқызы қызметкерлердің білім, біліктілік деңгейіне еңбек өтіліміне қарай өсім сараланатынын айтты. Жалақыға келгенде ешкім жақ ашпай қалмады.

Әсіресе, мереке күндері жұмысы қызатын мәдениет қызметкерлері үстемақы туралы сұрады. Министрдің айтуынша, артық жасалған жұмыс пен мереке, демалыс күндері етілетін еңбекке 1,5 есе ақы төленеді. Сондай-ақ, қосымша атағы барлар да қосымша құн алады.

Жиын барысында азаматтарды еңбекпен қамту мәселесі де талқыланды. «Жұмыспен қамту – 2020″бағдарламасы аясында тағы да бір миллионнан аса азаматтың жұмыспен қамтылғаны хабарланды.

Жалақы төлеу жүйесіндегі жаңалық жұртшылықтың көңілінен шығып-ақ отыр. Бірақ, оның қаншалықты қомақты болатынын уақыт көрсетеді. Қаржылық қиындық кезінде артық болады деген өзгеріс, тыртық болмаса игі.