Қазақстандық цирк әрістері шетелге гастрольге аттанады

543
Цирк әртістері

«Қазақстан» командасындағы арқан бойымен жүретін әртістер өздерінің экстремалды нөмірлерімен шетелдерге шығатын болды. Бірнеше халықаралық цирктермен келісім-шарт жасасқан шығармашылық ұжым жаңа жылдан бастап гастрольдік сапарға аттанады.

Цирк әртістері

Әртістер цирк аренасына шығуға жарты сағат қалғанда дайындаған нөмірлерін бір қайталап алады. Үздіксіз жаттығуларда арқанмен жүретін әртістер тек дене шынықтырып қана қоймайды, психикалық дайындықтарын да ретке келтіреді. Ағалы-інілі Сұраншиевтер спорттың экстремалды түрлеріне бала кезден-ақ жақын өскендерін айтады. Алматыдағы цирк техникумын аяқтаған олар кәсіби циркке қадам басты.

Небәрі 20 жастағы қос шебердің жетістіктері де жеткілікті. Марапаттан да кенде емес. Өнерді серік еткен команда әлемнің бірнеше елдерінде болды. Экстремалды бағдарламаларымен көрерменнің көзайымына айналып үлгерген. Жуырда өнерпаз ұжым шетелдік әріптестерімен шығармашылық байланыс орнатпақ. Келесі жылдан бастап қазақстандық әртістер шетелдік көрерменнің көңілін аулайды.

Арқанмен жүретін әртістер түрлі нөмірлер дайындап жатыр. Арқанда секіртпелермен секіріп, көздерін тұмшалап жүреді. Тіпті би билеп, түрлі өнерлерін ортаға салады.

Жаңа жыл ұжым үшін ұзақ сапарлатумен басталмақ. Елге жазда бірақ оралады. Ал мерекелік демалыста дайындық пысықталып, жаттығулар қыза түспек.

Мақпал Рысбаева