«Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы

586

Фермерлерге макмимум қолдау көрсету

2009 жылы ОҚО әкімдігі тарапынан «Максимум» аймақтық инвестиция орталығы» (АИО) құрылды. Бұл орталық облыстың экономикасын, оның ішінде агро-өнеркәсіп кешеніне қолдау көрсетеді.

Облыстың ең шалғай деген ауыл-аймағынан келген шаруаларға көмек қолын созып, өндіріс пен өнімді қайта өңдеуге қаржы бөлетін, инвестиция құятын орталық өңіріміздің экономикасында белді рөлді атқарады.

«Максимум» АИО қаржы бөлуде бірнеше әдісті қолданады:

  • тікелей несие беру (жылына 7% мөлшерлемемен);
  • қаржы лизингі (жылына 8%);
  • Еншілес ұйым – «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы шағын несиелер беру (жылына 7-12%).

«Максимум» АИО несиелері шаруаға қай жағынан қолайлы? Біріншіден, старт-ап жобаларды, яғни, жаңадан жүзеге асатын істі қаржылай қолдау. Бұл тұста ауылды жердегі жылжымайтын мүлік кепілге алынады. Сыйақы мөлшерлемесі де қарапайым шаруаға қолжетімді. Бұған қоса несие мен лизинг борышын өтеудің қолайлы кестесі, несие рәсімдеуде комиссияның болмауы да ісін бастағалы отырған шаруаға ыңғайлы. Осы тұста облыстың барлық аудан орталықтарында «Ырыс» ШНҰ өкілдері бар.

Құрылғаннан бергі 7 жылдың ішінде «Максимум» АИО капиталына облыс бюджетінен 19,4 млрд теңге түсті. Дегенмен, қаржы тек бюджеттен бөлінбейді. Мысалы, 2012-2015 жылдары үкімет қоржынынан тыс жалпы сомасы 5,2 млрд теңге тартудың сәті түсті. Оның барлығы іске жұмсалды: 2009-2015 жылдары 12 159 жобаға 35,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2015 жылдың 11 айында 8,1 млрд теңгеге 2091 іс басталып кетті.

Маңыздысы сол, осы жобалардың 76,7% ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары да ашылуда. 2009-2015 жылдар аралығында 32100 адам жұмыс тапты.

«Максимум» АИО-ның «Ырыс» ШНҰ бірге қосқандағы несие портфелі 2015 жылдың қазан айының соңына қарай 18,8 млрд теңгеге жетті. Ал бұл 2011 жылмен салыстырғанда 3 есе мол.

Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыруда «Макмимум» АИО-ның алатын орны

«Максимум» АИО Оңтүстіктің мал шаруашылығында алар орны бөлек. Бұл тұста «ОҚО мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған жоспарын» да айта кету керек. Тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын фермерлік қожалықтарды дамыту арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтеру, оларға жеңілдікпен несие беруді қамтамасыз ету – аталмыш бағдарламаның басты мақсаттары.

Мал шаруашылығы

Өндірілген өнімді өткізу үшін 2011 жылы облыс аумағында 133 млн теңгеге 11 сүт қабылдау орны және 170,6 млн теңгеге 9 ауылдық тұтыну кооперативі ашылды. Олардың барлығына да тек «Максимум» АИО-нан қаржы бөлінген. Бұған қоса 654 шағын және орташа мал бордақылау орнына 2,3 млрд теңге, ал 107 шағын сүт-тауарлы фермаға 305,5 млн теңге бөлінді.

Сүт фермасы

Биыл мал шаруашылығын дамыту жобаларына 4,3 млрд теңге берілді. Оның арасында 1 365 шағын және орта мал бордақылау орталығы (3,6 млрд теңге), 150 сүт-тауарлы ферма (465,7 млн теңге), 3 сүт қабылдау орнының құрылысына байланысты 1 жоба (38,8 млн теңге) және 5 ауылдық тұтыну кооперативі (122,2 млн теңге) бар.

«Максимум» АИО-ның жаңа бағдарламалары

Оңтүстіктің шаруашылығы дегенде балық өсіру ісін де ұмыт қалдырмау керек. Осы тұста айта кететін жайт, облыс тұрғындарының балыққа деген сұранысы әзірге толық қанағаттандырылмай отыр. Нақты айта кетсек, 2014 жылы республикаға 30 581 тонна балық импортталған.

Балық шаруашылығы

Өңірімізде балық өсіру ісін жаңарту үшін «ОҚО балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жоспары» нақтыланды. Оның аясында Бәйдібек, Шардара, Ордабасы, Түлкібас және Отырар аудандарында, Шымкент және Түркістан қалаларында 27 балық өсіру фермасын құру қарастырылған. Ал бұл тәуекел ақтала ма?

«Максимум» АИО мамандары есеп-қисап жүргізіп, балық өсірудің экономикалық тиімділігі бар екенін анықтады. Қуаты жылына 40 тонна және одан мол балық өсіруге жететін балық өсіру қожалықтарының типтік жобасын жасап шығарды.

Облыс билігі де қарап қалған жоқ. «Максимум» АИО-на өңір бюджетінен балық фермаларын жүзеге асыру үшін 200 млн теңге бөлінді. Бұған қоса инвестиция орталығы қайтарылатын қаржыдан осы іске тағы 200 млн теңге қарастырып қойды. Бүгінгі таңда қуаты жылына 650 тонна балық өсіруге жететін 3 жобаға 226 млн теңге бөлінген.

Бау

«Максимум» АИО-нан дайын бауды жалға алу

Жеміс-жидек пен көкөністің де әлеуметтік маңызы зор. Қазақстан халқының бұл өнімдерге деген сұранысы әзірге толық өтелмей, біразын сырттан тасуға тура келеді. Ал негізі, Оңтүстіктің жайлы ауа райы өңір халқын жеміс-жидекпен өзімізден-ақ қамтуға мүмкіндік береді.

Бау-бақшаның көлемін ұлғайтып, көкөніс өсіруді  молайту үшін «Максимум» АИО қызықты бағдарламаны қолға алды. Ол – өсіп тұрған дайын бауды қаржылық жалға (лизингке) беру. Осы бағдарлама аясында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер учаскесін бөледі.

Алма

Сол жерде инвестиция орталығымен келіскен компания жеміс ағаштарының көшетін егіп, бауға қажеттінің бәрін – шпалер, тамшылатып суару жүйесін, қоршау орнатады. Яғни, бау толық дайын болады.

Одан әрі бұл кешен фермерлер арасында 5-10 гектар учаскелерге бөлініп, «Максимум» АИО жылына 8%-бен лизинге ұсынады. Шаруаларға тиімдігі сол – әрқайсысына бөлек су ұңғымасын қазудың, арнайы техника сатып алудың және барлық бауға кепілдік табудың қажеті жоқ. Бар болғаны бау құнының 20% көлемінде аванс төлесе, жеткілікті. Ал одан арғы уақытта бау көшеттерін егуді субсидиялау бағдарламасы қаржы лизингінің бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді.