Шымкентте мемлекеттен берілетін баспанаға байланысты өтініштер мен құжаттар қабылдау басталды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
«2015 жылдың 21 желтоқсанын бастап 24 желтоқсанына дейін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы» бағыты бойынша баспана өтініштер қабылданады» делінген хабарламада.
«ҚИК» арқылы берілетін пәтерлердің сипаттамасы:
1. Шымкет. 17-шағынаудан, Ерімбетов көшесі, «Галант Хаус» кешені: 72пәтер, 2 бөлмелі пәтердің жалпы алаңы 71,6 — 71,8 шаршы метр;
2. Қайтпас-2 шағынауданы: 420 пәтер:
1 бөлмелі 70 пәтер, жалпы алаңы — 35 шаршы метр;
2 бөлмелі 210 пәтер, жалпы алаңы — 55 шаршы метр;
3 бөлмелі 140 пәтер, жалпы алаңы — 75 шаршы метр.
Пәтерлер соңынан сатып алу құқығымен жалға беріледі. Бір шаршы метрдің бағасы 913 теңге шамасында.
Баспанадан үміткерлер өтінішпен бірге мына құжаттарды тапсыру тиіс:
1) Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
2) Неке қию (некені бұзу), жұбайының/зайыбының қайтыс болуы туралы, балаларының туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы өтініш;
3) Өтініш берушінің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығы бар үйінің немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
4) Өтініш берушінің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің тиісті елді мекенде тұратынын растайтын, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мекенжай анықтамасы;
5) Өтініш берушінің және жұбайының жұмыс орнынан анықтама;
6) Отбасы мүшелерінің мүгедектігін немесе кейбір созылмалы ауыр дерт барын растайтын анықтама;
7) Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте кезектілік нөмірін көрсете отырып, тұрғын үйге мұқтаждардың есебіне қою туралы анықтама;
8) Өтініш иесінің табысы туралы анықтама.
Өтініштер мен құжаттар Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің кеңсесінде қабылданады. Мекенжайы: Желтоқсан көшесі, № 18 үй, 3-қабат, 312 бөлме.