Оңтүстіктің өнерпаздары 127 млн теңгеден аса табыс тапты

269
Мәдениет басқармасы

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет және өнер мекемелері жыл басынан бері 2 000-нан астам мәдени іс-шаралар мен концерттер, спектакльдер қойып, 127 млн 709 мың теңгеге ақылы қызмет көрсеткен. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан мәлім етті.

Мәдениет басқармасыМысалы, өңірдегі 8 кәсіби театрда 1940 спектакль сахналанып, оған 238 мың көрермен қамтылды. Нәтижесінде ақылы қызметтен 81 млн теңгеден астам қаржы түсті.

Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония 181 концерт қойып, одан 22 млн 381 мың теңге табыс тапқан. Балғындарға қуаныш сыйлаған «Оңтүстік-Цирк» ұжымы «Алақай-балақай» және «Таңғажайып керуен» атты бағдарламаларын 13 рет халыққа ұсынып, 9 млн 615 мың теңге көлемінде қаржы түсіріпті.

Сонымен қатар «Түркістан» сарайында 35 600 көрермен қатысқан 26 мәдени іс-шара мен концерт өткізіліп, 8 млн 750 мың теңгеге ақылы қызмет көрсетірді.

«Елбасының «100 нақты қадам» жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бөлімінің 86, 87 және 88-қадамдарында мәдени рухани саланы дамыту көзделген. Осы міндеттерді орындау мақсатында биыл мәдениет басқармасына 3 млрд 429 млн 820 мың теңге бағытталып, 11 айда қаржы 99,7 пайызға игерілген.

Сондай-ақ, облыстық мәдениет және өнер мекемелері халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету үшін олардың материалды-техникалық базаларын нығайтуға 240 млн 247 мың теңге қаржы бөлінді.

А.Темірханның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 2016 жылы халық шығармашылығын дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде алғаш рет «Мәңгілік ел» патриоттық әндер байқауы, түрлі өнер бағытында «Балдаурен» облыстық өнер байқауы, «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа пьесалардың байқауы өтпек.

Сонымен қатар «Күй құдіреті» облыстық күйшілер, «Алтын сақа» балаларға арналған фильмдердің фестивалі, суретшілердің «Дархан далам» симпозиумы және «Жібек жолы айшықтары» атты ұлттық киім дизайнерлерінің облыстық байқау-көрмесі өткізіледі.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі