Тауар өндірушілер көрмесінде 10 миллиард теңгенің келісімі түзілді

411

10 млрд теңге. Бұл – Оңтүстік пен Жамбыл облыстарындағы тауар өндірушілерге берілген сома. Қомақты қаржы аясында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіліп, «Астана ЭКСПО-2017» қалашығын салуға құрылыс материалдарын өндіруге келісім жасалды. Арнайы меморандумға қол қою шарасы Шымкентте өтті.

Көрме орталығы жергілікті тауар өндірушілердің павильонына айналды. Оңтүстік және Жамбыл облыстарының кәсіпкерлері бар жақсысын жайып, келушілерді қызықтыруда. Құрылыс және өңдеу материалдары, қолөнер бұйымдары, тоқыма өнімдері кез келген жанның көңілінен шықты.

Ал туризм саласында қызмет көрсететін қонақ үйлер мен демалыс орындары қонақтарға жасалған жағдайын жайып салды.

2017 жылы елімізде өтетін халықаралық көрмеде қазақтың ұлттық оюын сырмаққа түсіріп, кілемге бейнелеуді «Назар текстиль» серіктестігі қолға алған. Егер көрмеге қатысуға жолдама алса, ою-өрнекті кілемдерді тоқып, әлемге танытуды көздеп отыр. Бұл жолы көздің жауын алатын әрі сапасымен қуантатын өнімдерін ала келіпті. Өз жұмысын бір жыл бұрын бастаған кәсіпорын ішкі нарықты толық қамтып, шетелге тауарын экспорттап үлгерген. Осы уақыт аралығында көптеген кедергілер де кездесіпті.

Думан Якуб, «Назар текстиль» ЖШС басқарма директоры: «Ең бірінші кедергі – мамандардың жоғы. Қазіргі таңда біз шетелден мамандарды алдық, оның ішінде Түркиядан алдырып, оларды жалдап, өзгелерге өндірістің үстінде үйретуге мәжбүрміз. Сол мамандар Қазақстанның өзінде дайындалса, бізге оңай болар еді».

Халықаралық көрмеге қатысуға ниеттілердің бірі – «Karlskrona»компаниясы. Заманауи үлгіде сорғыш шығаратын өндіріс орнының соңғы өнімі – электробайк. Яғни, электрмен жүретін мотоцикл. Осы жобасы арқылы әлемді таңқалдырмақ ниетте. Компания директоры Уәлихан Ахметовтың айтуынша, электрмен жүретін мотоцикл құрастырып шығаруда біраз қиындықтарды жеңген. Маман мотоциклды қуаттауға екі сағат жетеді дейді.

Ал «Энерджи Тараз» компаниясы көпті үнемділікке шақырады. ЭКСПО-2017 көрмесіне сапалы жарығын ұсынып отыр. Өнімдері Тараз көшелерін жарықтандырып, ел қазынасына үнемділік әкелген.

Мақпал Сыздықова,»Энерджи Тараз» компаниясының директоры: «ЭКСПО-ға қатысу – үлкен жетістік. Бізге тапсырыс келіп түссе, қуанар едік. Ал қазір Тараз көшелерін жарықтандырып жатырмыз. Қаланың 20 көшесінде біздің лампалар қойылған».

Тауар өндірушілердің бұл жолғы көрмесі көптің көңілінен шықты. Нәтижесінде 10 млрд теңгенің меморандумына қол қойылды. ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы сатысына жолдама алғандардың ішінде оңтүстікқазақстандық тауар өндірушілер көп. Олардың көшін Кентау трансформатор зауыты, «Зерде-керамика» кәсіпорны бастап тұр.