Оңтүстікте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

470
Оңтүсіткте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Шымкент қаласында Ташкент қаласының тауар өндірушілерінің екі күндік көрмесі басталды. Көрмеде көршілес елдегі 230-ға жуық кәсіпорынның өнімдері қойылып, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз, киім және тоқыма саласына қатысты, сонымен қатар, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншықтар сынды 1 мыңнан астам өнім ұсынылды.

Оңтүстікте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Аталған іс-шара аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов бастаған делегациямен кездесті. Онда әкім Өзбекстан кәсіпкерлерімен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бір мыңнан астам яғни, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен құрылыс материалдарын өндіру, медицина және білім беру салаларында  табысты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті.

Оңтүсіткте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

– Біздің аймақ бизнесті дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау әлеуетімен ерекшеленеді. 2010 жылы Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар, облысымыздағы 11 индустриалды аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесу Шымкент пен Ташкент кәсіпкерлерінің арасында болашақ  жемісті ынтымақтастықтың негізі болады деп үміттенемін, – деді әкім.

Өз кезегінде Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығынан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланысының нығая түсетініне сенім білдірді.

– Бүгін біз 900-ге жуық тауар түрін назарларыңызға ұсынатын боламыз. Дегенмен, бұл біздің барлық әлеуетіміз дегенді білдірмейді. Алдағы басқосуларымызда да табысты жетістіктерге бірге жетеміз деген үміттемін. Жалпы, Қазақстан мен Ташкент арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстанның Ташкентпен арадағы сауда айналымы 500 млн АҚШ доллары болса, биылғы бірінші тоқсандағы нәтиже бойынша аталған сома 150 млн АҚШ долларына көбейіп отыр, – деді Н.Хусанов.

Оңтүсіткте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Мұнан соң аймақ басшысы Ташкент қаласы тауарөндірушілерінің көрмесіне қатысып, ондағы өнімдерімен танысты. Сонымен қатар өзбекстандық кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Жалпы, қазіргі таңда екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастың жандануы байқалуда. Яғни, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы тауар айналымының көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрап, оның 30%-дан астамы Оңтүстік Қазақстан облысына (532,4 млн АҚШ долл.) тиесілі болып отыр. Дегенмен, қос мемлекеттің Президенттерінің – Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеевтің өзара кездесулері, яғни, өзбек басшысының Елбасымен 22-23 наурызда Қазақстанда кездесуі, 29 сәуірдегі Оңтүстік Қазақстанда жүздесуінің нәтижесінде сауда айналым көлемін 5 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы уағдаластығын ескерсек, бұл біздер үшін аз сома деп білемін. Сондықтан, бауырлас елдер болашақта бұл салалардағы байланысын одан әрі нығайтып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді деп білемін, – деді әкім.

Оңтүсіткте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстанға бағытталған экспорттың басым бөлігі мұнай және оның өнімдері мен ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, астық, қара және түсті металл, цемент, трансформаторлар, органикалық емес химия және азық-түлік өнімдері болып табылады. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, мақта талшығы, тоқыма және дайын тігін өнімдері, тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластмасса бұйымдары, ағаш және гипс, маталы емес материалдар мен маталар импортталуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото – Самат Мырзалиев