Шымкенттегі тауар өндірушілер көрмесі үш күнге жалғасады

85

Шымкентте «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме-конкурсы басталды. Мегаполистің орталық саябағында, ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға қаланың 80-ге жуық кәсіпкері қатысып жатыр. Жалпы республикалық байқауға іріктеу кезеңі үш күнге жалғасады.

Шымкентің орталық саябағында кәсіпкерлдер арасында көрме-конкурс өтіп жатыр. Байқауға мегаполистің үздік өндірушілері қатысып, өз тауарларын ұсынуда.

Бала күнінен қазақы ою-өрнекті танытамын деп армандаған дизайнер Түймегүл Абдиева бүгінгі көрмеге соңғы үлгідегі тақия мен сөмкелерін, сондай-ақ жастық-көрпелерін алып келіпті. Тігіншінің басты ерекшелігі ұлттық нақыштағы өрнекті заманауи стильмен ұштастыра алуында.

Түймегүл Абдиева тігінші-дизайнер: «Бүгінгі көрмеге ана мен қыз тақиясын алып келдім ұлттық нақышта оюланған, сәнделген. Және шоппер сумкалары. Жалпы менің өзімнің бала күндегі арманым бұл қазақы үлгідегі ою-өрнекті жандандыру, сәнге айналдыру болатын. Сол балалық шақтағы арманымды жүзеге асыру мақсатында барлық нәрсені қайтадан жандандырып жатырмын».

Ал «Best home kz» компаниясы тек Шымкентке ғана емес бүкіл Қазақстанның өңірлеріне тауар жеткізумен ерекшеленеді. Өз кезегінде бұл мегаполис өндірісінің дамуына ерекше ықпал етеді. Айтулы компания үшінші мегаполистің 80-85 пайызын құрылысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыр.

Ақтөре Қыпшақ, «Best home kz» ЖШС менеджері: «Бүгін көрмеге құрылыс жұмыстарына арналған дүниелерді алып келдік…Жалпы осындай кәсіпкерлерге қолдау білдіріп көрме ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз».

Жалпы бүгінде Шымкент қаласы бойынша 700-ден астам өндіруші тіркелген. Оның 80-ге жуығы бүгінгі көрмеге атсалысуда. Өңірлік конкурстан жеңімпаз атанған кәсіпкер республикалық байқауға жолдама алады.

Нұрлан Қабыштаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шымкент қаласы бойынша директоры: «Өңірлік деңгейде анықталған жеңімпаз кәсіпкерлер Республикалық деңгейдегі байқауға барып қатысады. Үш номинация бойынша. «Ең үздік азық-түлік тауары», «Ең үздік өндірістік тауар», «Ең үздік халыққа арналған тауар» деген сияқты үш орын болады. Сондықтан бұл көрмеде бүкіл мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көруге болады».

Көрмеде өндірудің жаңа технологиясы, тұтыну әлеуеті және жергілікті қамтудың үлесі ерекше бағаланады. Жалпы қалалық кәсіпкерлік басқарма басшысы Береке Дүйсебековтың айтуынша ел бойынша Шымкент кәсіпкерлерінің потенциалы жоғары.

Береке Дүйсебеков, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Жалпы Шымкенттің потенциалы өнеркәсіп жағынан өте жоғары екенін білесіздер. Себебі, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп жағынан біздің қаламыз алдыңғы қатарда келе жатыр. Тек қана өзіміз ғана тұтынбай, осы көршілес мемлекеттерге де сол осы өзіміздің өнімімізді таратып жатырмыз. Ендігі біздің басымдығымыз шикізатқа тәуелділігімізді азайту. Яғни, көптеген дайын өнімдерді өзіміздің жергілікті жерде өңдеу. Яғни терең өңдеу саласына аса мән беріп жатыр».

“Күнделікті тұтынып жүрген заттың бәрі Қазақстанда өндірілуі керек”. Осылай деген басқарма басшысы сонда ғана халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ел экономикасын өркендетуге едәуір үлес қосамыз дейді.

                                                                                    Мөлдір Ибадуллаева