Қазақстанда тұңғыш рет бауыр алмастыру отасы Шымкентте жасалды

567
Операция жасау

Қазақстандық хирургтер алғаш рет бауыр ауыстыру операциясын Оңтүстік Қазақстанда өздері жасады. Бұған дейін беларусьтік мамандармен бірлесе үш рет бауыр трансплантациясы сәтті өткізілген болатын. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Енді жергілікті дәрігерлер А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандарымен бірге төртінші бауырды өздері ауыстырды.

Операция жасауОта Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасында жасалды. Дәрігерлердің мәліметінше, бауыр алмастырған науқастың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Бүгінде аталған ауруханада трансплантация қызметі белсенді дамып келеді. Соңғы екі жылда мұнда 57 бүйрек алмастыру отасы жасалса (оның соңғы 29 отасын клиника мамандары жасаған), 4 бауыр трансплантациясы жүзеге асырылған.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда бауыр жетіспеушілігінің түрлі себептерімен кезекте тұрған 90-нан астам науқас бар. Соның бірқатары ағза алмастыру отасын қажет етеді.

Бауыр трансплантациясы әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының мәліметінше, аймақтағы 43 мемлекетте, ТМД-ғы 7 елде бауыр жетіспеушілігінің салдарынан өлім деңгейі жоғары болғанын көрсеткен.