Облыстық соттың төрағасы 2015 жылды қорытындылады

241
Облыстық соттың төрағасы

Оңтүстік Қазақстан облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов БАҚ өкілдерін жинап, өткен жылы атқарған жұмысын қорытты. Төрағаның мәліметінше, 2015 жылы қылмыстық істер саны артқан.

Облыстық соттың төрағасы

Сандарды сөйлетсек, сотта ұзын-саны 6 784 қылмыстық іс қаралған. Пайызға шаққанда 5,6 өскені байқалады. Қылмысты іс бойынша қоғамдық жұмысқа 689 азамат тартылған. 120 азамат қылмыстық іс бойынша ақталған болса, 845 іс бойынша күдіктілер бас бостандықтарынан айрылған. Ұзақ мерзімге жабылған тұлғаның бірі – Бондо Стуруа, ол 22 жылға темір торға тоғытылды.

Сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша өткен жылы 51 лауазымды тұлғаның ісі қаралған. Олардың басым бөлігі пара алып, мемлекетке айыппұл төлеген. Жалпы салынған айыппұлдың көлемі – 290 миллион теңге. Оның 86 пайызы өндіріліпті.

Мектептерді сынақтан өткізу үшін қомақты пара талап еткен департамент басшысының бір өзіне 51 млн теңге айыппұл салынып отыр. Ол осыншама ақшаны үш айдың көлемінде тауып, мемлекет қазынасына құйған. Облыстық сот төрағасы жалпы көрсеткіш қанағаттандырарлық деп қорытындылады.