Оңтүстікте чандлер жаңғағы өсіріледі

509
Жаңғақ алқабы

Оңтүстік өңірінде елімізде баламасы жоқ бірегей жаңғақ алқабы өсірілмек. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өзгеше агро-аймақты жобаны «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алып отыр. Ұлттық компания басшылығы «Қарқынды бақ» жобасы туралы бастама жасап, қарқынды алма және жаңғақ бақтарын өсіру жобасын іске асырмақ.

Ауданы 1 мың гектар болатын алма және жаңғақ алқабы Қазығұрт ауданындағы Қаржан тау жотасының солтүстік-батыс баурайына егіледі деп жоспарлануда. Осы маңда АҚШ-тың Калифорния штатында өсірілетін жаңғақтың «Чандлер» сұрпы егіледі.

Чандлер жаңғағы
Чандлер жаңғағы

Қазақстан бойынша теңдессіз жоба болып табылатын плантацияны тамшылатып суару арқылы өсірілетін жеміс еліміздегі импорттық жаңғаққа тәуелділікті азайтып, жаңғақ сұранысын қанағаттандыруға сеп болмақ.

Аталған жобаны жүзеге асыруға «БАЗИС» холдинг компаниясы қызығушылық танытып отыр. Осылайша Қазақстанның жаңғақты өндіру мен экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы болуға барлық мүмкіндігі бар дейді мамандар.

Жалпы, жаңғақ бизнесі Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің бір сегменті болып табылады. Келешекте бұл жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әлемдік экономикаға бірігудің маңызды факторларының біріне айналуы мүмкін.

Айта кеткен жөн, бүгінгі күні грек жаңғағының өзегі әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие өнім болып отыр. Сарапшылар Европада қазірдің өзінде грек жаңғағының тапшылығы 180 мың тоннадан асады деп отыр. Жыл сайын аталған жеміске сұраныс арта түсуде.