Шымкенттегі Темірлан тасжолы бойында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан жол үстінде кептеліс пайда болып, көлік жүргізушілері сағаттап бөгелді.
Мұнда жүк көтеретін кран 6 бірдей көлікті жайпап, жол апатын жасаған. Абырой болғанда, адамдар аман.
Қиылыстан шыққан арнайы техниканың тежегіші ұстамай қалса керек, алдында тұрған көліктерді соғып өткен. Соңында жарық бағанасын қиратып тынады. Кранның техникалық ахауы барын айтқан жүргізуші алғашында өзінің кәнісін мойындапты. Мұны өзге жүргізушілер айтып отыр.
Дегенмен, түсіру тобын көрген кранның жүргізушісі техниканың өзіне тиесілі еместігін айтады. Сол себептен жол апаты туралы айтудан бірден бас тартты.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Көліктері қираған жүргізушілер шағымдарын инспекторларға жазып берді. Енді 6 көлік жүргізушісі соттың шешімін күтетін болады. Сондай-ақ, қираған мемлекет мүлкін кімнің жөндейтіні де белгісіз.
Ернар Балабеков