Мақтаарал дихандары қуаңшылықтан қауіптенеді

423
Дихандар

Биыл қуаңшылық болуы мүмкін. Мақтаралдық мамандар осылай қауіптеніп отыр. Айтуларынша, егін науқаны қыза бастағанда Достық каналындағы су деңгейі едәуір азайып, тапшылық туындайды. Ал оны шешіп, алдын алу республика деңгейінде шешілетін мәселе дейді салаға жауаптылар.

ДихандарҚырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасынан бастау алып Тәжікстан, Өзбекстан арқылы Қазақстанға келетін судың мөлшері тиісті деңгейінен төмендеп кеткен. Қазір Достық каналынан секундына 13 мың текше метр су ағып жатыр.

Мамандардың есебінше, каналдан секундына 48 мың текше метр су аққанда ғана өңірдегі суармалы жерді толықтай тіршілік нәрімен қамтуға болады. Құрғақшылықтан қауіптенген құзырлылар қазір берісі облыс әкіміне, арысы ауыл шаруашылығы министріне хат жазып, жауап күтіп отыр.

Биыл алқапқа әдеттегіден бір ай бұрын келген дихандар әзірге судан тапшылық көріп жатқан жоқ. Мамандар тіршілік нәрінің тапшылығы алда деп отыр. Қыс маусымы аяқталмай жатып, мырзашөлдік диқандар ерте пісетін көкөніс егу науқанын бастап кеткен. Шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Оразбаев биыл 4 гектар алқапқа ринда қырыққабатын еккен. Қазір дәрілеп жатыр. Ол әзірге судан тапшылық тартпағанмен, тыңайтқыштың қалтасын қаққанын жасырмайды.

Алайда салаға жауаптылар тыңайтқыштың селитра, амафос сияқты түрлерінің жеткілікті екеніне сендіреді. Тек ауыл шаруашылғы бөліміне келіп, өтініш қалдырса жеткілікті. Дегенмен, осыған дейін ауданда бірде-бір шаруа бұл жеңілдікті алуға ниет білдірмепті. Мұны мамандар дихандардың салғырттығынан деп отыр.

Алайда, өз қаражатына тыңайтқыш сатып алған шаруаның жеңілдік алуына әлі де кеш емес.
Бүгінде ауданда 136 мың гектардан астам суармалы жер бар. Осынша алқапты тіршілік нәрімен қамту мәселесі бүгінде салаға жауаптылардың басын ауыртып отыр. Суармалы егістіктің 60-70 пайызына мақта егіледі. Биыл жергілікті диқандар 83 мың гектарға ақ алтын дәнін себеді деп күтілуде. Одан өзге 22 мың гектарға бақша дақылдары егіліп, 5 мың гектарға түрлі көкөністер өсірілетін болады.