Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасында кезекті трансплантациялық ота жасалды. Ақ халаттылар қос бүйрегі істен шыққан азаматшаға өзгенің ағза мүшесін салып берді.
Ота алдымен бүйрегін беруші пациентке жасалды. Дәрігерлер донордың тыныс алуын, жүрек соғысын, миының, бүйрек және де өзге де маңызды дене мүшелерінің жұмысын жіті бақылауда. Олар донордың ағзасынан сау бүйректі алып, науқасқа салып берді.
Бұл — мамандардың трансплантациялық ота кезіндегі ең маңызды, жауапты сәті. Операция үш сағатқа созылды. Ендігі пациенттің жағдайы бұрынғыдан қарағанда жақсара түседі дейді жауапты маман сеніммен.
Мәди Бегалиев: Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері: «Бүйрек алмастыру отасын өзіміздің жергілікті дәрігерлер жасады. 23 жастағы бойжеткенге туған әпкесінің бүйрегін салып бердік. Ота жасалған екі пациенттің де қазір жағдайы бірқалыпты. Енді әр аптаның сейсенбі немесе жексенбі күндері Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында трансплантациялық ота жасалады.»
Трансплантация — бір адамның ағзасын немесе дене мүшесінің бір бөлігін келесі бір адамға салу. Медицинада беруші адамды донор дейді де, алушыны, яғни, науқасты реципиент деп атайды. Мұндай күрделі отаны жасау үшін кемінде үш айға жуық уақыт қажет. Өйткені қос тараптан клиникалық, биохимиялық және иммунологиялық және тағы басқа да отызға жуық анализ түрлері алынады. Егер сараптама жұмыстары оң нәтиже көрсетсе, екі күннің ішінде ағза алмастыру операциясы жасалады.
Қазір өңірде трансплантациялық отаны қажет ететін 300-ге жуық науқас есепте тұр. Кезекте тұрғандарға операция жасау үшін донор қажет, ал олар тапшы. Бұл — бүгінгі күннің басты проблемасы. Өйткені ағзасын берушілердің барлығы бір-біріне туыстар. Мәселені шешу үшін мамандар мәйіт донорлығын қолға алу қажет дейді. Бірақ, бұл тұстың күрмеуі шешілмеген.