Ынтымақтағы екі көшеге су жетпей қалды

241
Ынтымақтағы екі көшеге су жетпей қалды

Ынтымақ шағынауданының бірқатар тұрғындары орталықтандырылған су жүйесінен тіршілік нәрін ішпейді. Өйткені былтыр бастауын алған құрылыстан бір көше қалып қойған. Наразылықтарын қала әкімдігіне жеткізген тұрғындар мәселенің оң шешілетініне үміт артып отыр.

Ынтымақ шағынауданындағы Жаңатілек, Аққурай көшелері тұрғындары жергілікті билікке өкпелі. Өйткені осы көшеге су жүйесі мүлдем тартылмаған, ал екіншісінде 4-5 отбасы ұмыт қалған.

Ынтымақтағы екі көшеге су жетпей қалды

Қоныстанғандарына 10 жыл болған тұрғындар енді сапалы ауыз суға қол жеткіземіз дегенде, осындай күрделікке тап болған. Мердігерлер былтыр құрылысқа кіріскеннен бастап тиісті органдардың табалдырығын тоздырған ынтымақтықтар шыдамы таусылғандарын айтады. Тіршілік нәрінсіз отырған ағайын жауаптылардың бейғам отырғанына ашынады.

Ынтымақтағы екі көшеге су жетпей қалды

Тұрғындардың талап-тілегін қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөліміндегі мамандарға жеткіздік. Мұндағылар бұл мәселемен етене таныс екендерін алға тартты. Суы жоқ үйлерге құбыр тартуға жобалық-сметалық құжат дайындалып, су құбырын тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, ақталды.

Коммуналдық мәселелерінің кұрмеуі дер кезіндей шешілмей, әбден тығырыққа тірелген Ынтымақ шағынауданының тұрғындары енді халық қалаулысын сайлауда қатаң таңдау жасайтындарын жасырмады. Қараша қамын ойламайтын атқамінерлерге жол жоқ екенін де ашып айтты.

Шынар Оразова