«Арай» байқауының жеңімпазы Бағдат Сейітбеков: «Арай» маған серпін берді»

Бағдат Сейітбеков
Бағдат Сейітбеков

Бүгін біз халықтың ерекше қошеметіне бөленіп, қазыларды өнерімен тәнті еткен Бағдат Сейітбеков туралы толығырақ айтпақпыз. «Арай-2016» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауында бас жүлдеге ие болған таланттының әнге деген махаббаты мен болашақтағы жоспары, өміріндегі сәтсіздіктер мен өнерге оралуына ықпал еткен жандар туралы да біле аласыздар.

1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылында туған Бағдат Сейітбеков – үйінің сүт кенжесі. 4 ағайындының ішінде өнер десе ішкен асын қоятын да өзі. Төрт жасында отбасының Шымкентке көшіп келуі оның өнер әлеміне бір қадам жақындауына себеп болды.

Бағдат Сейітбеков
Бағдат Сейітбеков

Кішкентайынан ыңылдап ән айтатын Бағдаттың өнерден қара жаяу еместігін байқады ма, әке-шешесі балалар саз мектебінің вокал бөліміне берді. Міне, осы сәттен бастап бала Бағдат тәжірибелі, кәсіби мамандардан дәріс ала бастады.

Кішкентайынан түрлі байқауларға қатысып, сынақтың сынына түсіп, сахнаның киесін сезініп өскен бүгінгі кейіпкеріміз 2006 жылы «Балауса» ән-би байқауында бас жүлдені жеңіп алады. 12 жасында жеңістің дәмін сезген ол 1 жылдан кейін «Бозторғай» халықаралық өнер додасында бірінші орынға ие болады.

Бағдат Сейітбеков

Араға бірнеше жыл салып балаң жігіт Ш. Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалінде тағы да көзге түсіп, үздік үштікке енеді. Осыдан кейін Бағдат тура жолды таңдағанын, өзінің бар қалауы сахна мен ел ықыласы екенін түсінеді. Әлем сахнасында аты танылған қазақтың дүлділ әншілерін тәрбиелеп шығарған облыстық саз колледжіне түседі.

Ойлағаны ойдағыдай жүзеге асып келе жатты. Білімін тереңдетіп, үлкен асуларды бағындыруды мақсат тұтты. Тіпті, оқып жүріп, өз қатарластары қолы жете қоймаған жаңа жобаларға қатысуға мүмкіндік алған болатын. Үлгі тұтатын танымыл дәстүрлі әншісі Өмірқұл Айниязовпен бірге дуэт жазуға ұсыныс түсіп, Алматыда бейнебаян түсірмекші болып, шапқылап жүрген.

Өзінің айтуынша, кенет бар арманы аяқ асты болып, тас-талқаны шықты. Анасының телефон шалып, бірауыз «балам, үйге қайт деген сөзі оған төбесінен су құйғандай әсер қалдырды.

Бағдат 2015 жылдың мамырындағы күнді ешқашан ұмытпақ емес. Көктем келсе, сол бір қайғылы күндер қайта есіне орала береді. Әкесінен қапыда айырылып қалу, оның сағын сындырды.

– Маған әншілік өнер нағышы жұртымнан берілсе керек. Өйткені нағашы атам айтыскер ақын болған екен кезінде, – дейді Бағдат. – Өмірімде ата-анамның маңыздылығын айтып түсіндіру артық болар, десек те, әкемді ерекше жақсы көрдім. Кенже болғандықтан болар, қатты еркелелетін. Көптеген жарыстарға қолымнан жетектеп апарып, арқашан тірек болатын, қолдау білдіретін. Қаншама жеңістерімнің куәсі болып, мақтан тұтатын. Ссені үлкен сахналардан көрсем екен екен деп армандайтын. Содан болар, әкем жүрек талмасынан қайтыс болғанда, қатты қиналдым. Барлық жұмыстарымды, жүзеге асқалы тұрған жоспарларымды сырып қойып, қолымды бір сілтедім. Жатып қалдым. Мұндай жағдай менің басымнан өтеді деп ешқашан ойламаппын. Ештеңеге зауқым соқпай, әншілік өнерімді тастап кеткім келді. Бірақ осы кезде қасымда болған анам мен әкелерім, адал достарым тез есімді жиюыма көмектесті.

Бағдат Сейітбеков

Бағдатқа қабырғасын қайыстырып, сағын сындырған қаралы күндерді артқа тастауына жақын досының «Бауырым, еңсеңді көтер» деген сөзі қатты әсер етіпті. Осыдан кейін сол досының жөн сілтеуімен өткен жылы Алматыда өткен «Күміс көмей» атты республикалық өнер сайысқа қатысады. Тек таланттылар мен дарындылар бақ сынаған үлкен сында бұл жолы да жерлесіміздің жолы болып, 300 үміткердің ішінен үздік жетілікке ілінеді. Бұл жетістік оның қайта өнерге келуіне аз да болса себеп болады. Артынша «Арай» байқауына қатысып, бағын сынап көрмек болады.

Бағдат Сейітбеков: «Бірінші Алланың қалауымен, екінші анамның, ұстаздарымның қолдауымен байқауға қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Әрине, оңай болған жоқ. Биыл қатысушылардың деңгейі мықты болды. Үмітім басым, алайда күдік те жоқ емес. Бақ шаба ма, бап шаба ма дегендей, әйтеуір, маған осы бақты бұйыртып тұрған болар. Бір күнде жеңімпаз атанып шыға келдім. Қасымда маған көмектескен, тілекші адамдар көп болды. Достарым мен ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Менің жеңіске жеткен тұсым көп, жеңіліп те көрдім. Сондықтан жеңіске жету – бақыт, алайда, алға ұмтылу үшін жеңіліс те керек екенін ұғындым. Атымды атап, дипломды ұсынғанда қуанышпен қатар бойымда жеңілдік сезілді. Ата-анамның үмітін ақтап, бойыма қайта күш келгендей күй кештім. Өйткені соңғы кездері өнер жолында, өмірдің де сәтсіздіктеріне жиі ұшырып, өзіме өзім сенімсіздік білдіре бастап едім. Ал «Арай» маған серпін берді. Бойымда өнеріме деген сенімім қайта арта түсті.»

Дәстүрлі ән орындағанды жақсы көретін Бағдат сахнаға шығар алдында мың толғанып, бойын қорқыныш билейтінін жасырмайды. Алайда сахнаға шығып, халықты көргенде оның барлығы сап тыйылады екен. Арқаланап, шабаттанып шырқай жөнеледі.

Облыстық саз колледжінің түлегі бүгінде қаламыздағы кафе, мейрамханаларда ән салып, азын-аулақ ақша табады. Өзі ашқан шағын студиясы да бар. Жеңімпаздың ендігі мақсаты – бірнеше ән жаздырып, бейнебаян түсіру. Білімін тереңдетіп, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, оқуын жалғастырмақ.

Айтпақшы, бүгінгі кейіпкермізді алда тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Ол «Жас қанат » республикалық байқауына қатысып, бағын сынап көрмек. Кім біледі? Өзі айтпақшы, бақ шаба ма, бап шаба ма? Жеңімпаз атануға толық лайықты жанға сұхбат соңында тілекші екенімізді жеткіздім.