Бәйдібекте қызғалдақ фестивалі өтті

Қызыл түске оранған өлке Сырдария-Түркістан ұлттық табиғи паркінде ерекше байқау өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын қызғалдақ фестивалі биыл да әдеттен таймай, көктем маусымында жалғасын тапты. Шара аясында қызыл кітапқа енген өсімдікті күтіп, баптау шаралары үйретілді. Ал сайысқа қатысушылар табиғат байлықтарын қорғаудың жолдарын айтып, ұсыныстарын білдірді.

Теректі шатқалында қызғалдық фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Мұнда жыл сайын жас экологтар мен балалар, ересектер жиналып, табиғатты қорғау басқармасының мамандары жер сыйын күтіп баптаудың қыр-сырын үйретеді. Алдымен дәстүрден таймай, түрлі ағаш көшеттерін қондырады.

Ең үздік табиғат жанашырларын анықтау – фестивальдің басты шарты. Байқауға қатысқан бірнеше топ мүшесі қазылар алқасының назарына қызғалдақты сақтау мен тіршілік иелерін қорғаудың жолдарын айтып, өзара сынға түсті. Ұсыныстарын жеткізді.

Экологиялық орталықтық мүшесі Айбек Жуас табиғатты қорғау баршаның міндеті деп біледі. Тек оны әр адам өзінін бастау керек дейді.

Бәйдібек ауданында білім алатын оқушылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, жас экологтар қолдан жасалған қолөнер бұйымдарын көпшілікке паш етіп, арнайы көрме ұйымдастырыпты. Түрлі-түсті қағаздар мен пластикалық бөтелкеден үздік қызғалдақ гүлдерін жасап шығарған экоорталық командасы жеңімпаз деп танылды.

Айта өтейік, өткен жылдармен салыстырғанда, биыл фестивальге қатысушылардың белсенділігі мен тамашалауға келгендердің көптігі байқалада. Бұл дегеніміз, байқаудың танымалдығы мен табиғатқа жанашыр жандардың артуын көрсетсе керек.