Қызғалдақ фестивальі өтті

1657

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті. Оған облыс әкімінен бастап, мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдар және туризм саласындағы кәсіпкерлер мен туристік компаниялар, шетелдік қонақтар, қылқалам шеберлері және фото суретшілер қатысты.

Қыр қызғалдақтары жайқалған Ақсу-Жабағылы және «Шұбайқызыл» аталатын теңдесі жоқ төбедегі – көпті қызықтырған бұл шара фестивальге арнайы жазылған әнмен басталды. «Текті төрім – Түлкібасым» театрландырылған – хореографиялық қойылымынан соң «Шұрайлым – Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл күнгі концерттік бағдарлама да ерекше ұйымдастырылыпты.

 

«Шұбайқызыл шоқысы елімізде «Қызыл кітапқа» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Қызғалдақтың бұл түрі Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі тауларда кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып қалыптасқан. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамызға аманат десті жиналғандар.

Биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр. Бұл ретте арнайы жоспар түзілген.

Сондай-ақ, жастарға оның тарихы жайлы мағлұматтар беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылды. Табиғат тақырыбын қамтыған еңбектер көрмесі мен жас суретшілердің байқауы өткізілді. Жалпы іс-шараға 5 мыңдай адам жиналды. Осы күні олар көрмеден бөлек, мемлекеттік табиғи парктер шеруін тамашалады.

 

 

Равиль Абдуллов, суретші: «Өткен сенбіден бері табиғат аясындамыз. Қызғалдақтың сұлулығын жеткізу өте қиын дүние. Бар ынта ықыласыммен салдым. Енді бағасын халық берер».

Тарихта бұл жер «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» аталып кеткен. Ал қарымды қаламгер М.Байғұттың бастамасымен бұл төбеге «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. Бүгін осы төбеге сол атауын айғақтайтын «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.

Жаңғырудың нышаны ретінде қызғалдақты сақтап қаламыз десек, Шұбайқызыл шоқысын қорғау аймағына айналдырып, осындағы жер алқабын егістікке берілмеуін, тапталып кетпеуін билік іс жүзінде қолға алуы керек!

Шынар Оразова