Кенеге қарсы заласыздандыруға қаржы бөлінбеген

411
Ірі қара малға таңертең ерте дәрі себілу үстінде

Оңтүстікте кенеге қарсы заласыздандыру жұмыстарына қаржы бөлінбей отыр. Соның салдарынан ветеринарлық мамандардың қора-қопсыларды дезинфекция жасауға мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ірі қара малға таңертең ерте дәрі себілу үстінде
Ірі қара малға таңертең ерте дәрі себілу үстінде

Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары Оңтүстікте әр жылы сәуір айының онынан кейін басталатын. Алайда биыл осы күнге дейін атқарылу тиіс жұмыстар әлі басталған жоқ. Уақ және ірі малдарды қауіпті жәндіктен қорғау үшін аса қажетті дәрілеудің болар болмасы белгісіз. Басты себеп, оған қажетті қаржы тиісті органға әлі жетпеген.

Биыл облыс бойынша кенеден залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 462 миллион теңге қаралған. Бұл қаржыға 1 миллионнан астам ірі қара мал мен 4 миллион уақ малға және 27 миллион шаршы метр қора-жайға дизенфекция жүргізіледі деп жоспарланған. Бірақ, қаржының жоғынан жұмыс басталмай отыр. Есесіне, өңірде кене шаққандардың саны былтырмен салыстырғанда үш есеге көбейіп кеткен.

Кенеден келетін қауіптің басым екендігін айтқан мамандар сақтық шараларын әркім өздігінше жүргізсе дейді. Айтуларынша, заласыздандыру жұмыстарын ертерек қолға алу керек. Бұл ретте жауапкершілік бәріне бірдей деп отыр. Ең қиыны, қаржының нақты болар-болмасын да дөп басып айтар жан жоқ.