Кентауға көгілдір отын келетін күн жақын

649

Кентауда моноқалаларды дамыту аясында 3 жаңа шағынаудан құрылады. «Болашақ», «Батыс» және «Жұлдыз» шағынаудандарының инженерлік инфрақұрылымдарының құрылысы аяқталуға шақ. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев мәлім етті. Кенді шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігін тізбектеп берген қала басшысы Кентау кемелденіп келеді деп марқайды.

Кентауда жүзеге асып жатқан алып құрылыс жоқ. Бірақ, жаңа шағынаудандарға тартылған инженерлік инфрақұрылым өзгелерге үлгі боларлықтай. Тұрғындар жайғаспас бұрын жарығы мен су тартылып, көшесіне асфальт төселген. Мұндай шара моноқалалардың дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Ең қуантарлығы кенді шаһарда табиғи көгілдір отын келетін де күн жақын.

Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту 2020» жылға дейінгі бағдарламасының «Аумақтарды дамыту» бағыты бойынша ауылдарды абаттандыру жұмыстарына 24 миллон теңге бөлініпті. Бұл қаржыға Ащысай ауылындағы саябақ жөнделеді екен. Сонымен бірге Байылдыр ауылындағы спорт алаңшасы мен Хантағы ауылындағы бірнеше көше жолдарының құрлысы жүргізіледі.

Биыл кентаулықтар қыстан жаурамай шықты. Ауа райы қарасса керек, маусымға дайындалған қатты отын да үнемделіпті. Қаладағы 330 көп қабатты тұрғын үйді келесі жылу маусымына дайындау жұмыстары басталып кеткен. Ал жыл сайын жөндеуден өтетін №5 жылу-энерго орталығының қазандықтары биыл өз есебінен жүргізіледі.

Бір қуантарлығы, Кентау криминалды қала атауынан арылыпты. Шаһарда қоғамдық тәртіп қатаң қадағаланылады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған 13 дана бейне бақылау камералары орнатылып, тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Алдын алу жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде жасөспірімдермен жасалған құқық бұзушылықтар тіркелмеген.