Оңтүстікте кене шаққандар көбейді

301
Шымкентте кене шаққандар көбейді

Шымкентте кене шаққандар көбейді. Жыл басынан бері өңірде 80 адам қауіпті жәндік шаққан соң дәрігерге жүгінуге мәжбүр болған. Осыған байланысты мамандар көшеде жүрген жалпақ жұртқа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар тұрғындарды кенеден сақ болуға шақырып, қауіпті індеттің алдын алуға кеңес береді.

Шымкентте кене шаққандар көбейді

Бұл қауіпті жәндікке қарсы дәрілеу жұмыстары биыл әлі жүргізілмеген. Ал кенеден келетін кесел аса қатерлі. Соның салдарынан пайда болатын қырым қанды қызбасы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Бірақ, аурудың алдын алуға болады.

Биыл Шымкент қаласы мен Ордабасы аудандарында кене шағу фактілері көп тіркеліпті. Халықтың басым бөлігі табиғат аясында серуендеуге шыққанда немесе саяжай маңайын аралау кезінде зардап шеккен. Күн жылығалы бері, әсіресе, балаларды кене шағу дерегі күрт көбейіп кетіпті. Мұны мамандар растап отыр.

Балкүміс Мұсаева, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Жыл басынан бері кене шаққан адамдардың қатары көбейген. Бұл эпидемиялогиялық жағдайға байланысты. Әсіресе жастарға айтарымыз – серуенге шыққанда абай болыңыздар.»

Бүгінде кене шақты деп келген науқастың барлығы дәрігерлердің қатаң бақылауында. Әзірше аймақта эпидемиялық жағдай тұрақты. Науқастардың ешбірінен қауіпті вирус анықталмаған. Тиісті зерттеу жұмыстары жалғасуда. Дегенмен, мамандар көпшілікті табиғат аясына шыққанда сақ болуды ескертеді.