Студенттер пәндік олимпиадаға қатысты

Шығармашыл жастар сынға түсті. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де республикалық пән олимпиадасы өтті. Алматы, Орал, Көкшетау мен Тараз қалаларынан келген студенттер кітапхана, мұражай ісі, мәдени тынығу пәндерінен дайындаған жұмыстарын қорғады.

Алғашқы сында пәндік тестілеуден өткен студенттер екінші кезеңде шығармашылық жұмыстарын көрсетуі тиіс болатын. Мәселен, «Мәдени тынығу жұмыстары» мамандығы бойынша студенттер 20 минуттан аспайтын шығарманы сахналады. Ол жұмыстар бірнеше талап бойынша бағаланды.

Қойылымдағы режиссерлік шешім мен орындаушылық шеберлік және тақырыптың ашылуы басты назарға алынды. Алматыдан келген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қыздары Қазақ хандығының құрылуы мен репрессияға ұшыраған қазақ зиялылары әйелдерінің өмірінен сыр шертетін қойылымды ұсынса, өзге ұжымдар түрлі тақырыптар бойынша дайындалыпты. Жастардың өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін көрсетуіне бағытталған бұл олимпиаданың берері көп дейді ұстаздар.