Арыста ломбард қызметкерлері өз жұмыс орнын «тонаған»

242
Арыста ломбард қызметкерлері өз жұмыс орнын

Арыс ауданының полицейлері жалған ломбард тонау қылмысын ашты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

15 мамыр күні таңертең Арыс полициясының кезекшісіне аудан орталығында орналасқан ломбардтың тоналғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы аттанады. Сондағы қызметкерлердің бірі тәртіп сақшыларына сағат 9:15-те бетперде киген біреу келіп, ломбард қызметкеріне шабуыл жасағанын, арматурамен ұрып-соққанын айтады. Сейфтің кілтін тартып алған тонаушы алтын бұйымдары алып, қашып кетіпті. Ломбардқа келген шығын көлемі 15,5 миллион теңгені құрайды.

Аталған жайт Арыс аудандық ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 191-бабымен (тонау) іс қозғалды. Сараптама тағайындалады.

Арыста ломбард қызметкерлері өз жұмыс орнын "тонаған"

Жедел іздестіру шарасы барысында тергеушілер жәбірленуші мен куәгерлерден жауап алып, күдікті деп танылатын азаматтар тізімін тексеру барысында ломбардта орын алған тонаудың жалған екенін анықтайды. Осыған байланысты 1981 жылы туылған ломбард қызметкері және оның 1987 жылғы сыбайласы күдікті ретінде ұсталады. Екі азаматша да өз кінәларын көпке созбай толық мойындады.

Арыста ломбард қызметкерлері өз жұмыс орнын "тонаған"

Анық болғаны, екі келіншек алтын бұйымдарға кепілдеме ретінде ірі көлемде ақшаны жалған мәміле жасаған және қылмыстарын жасыру үшін әдейі тонау жайтын ұйымдастырған. Ұрланған алтын бұйымдарды жасырып, одан кейін полицейлерге хабар берген.

Осы факті бойынша 189-баппен (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмысты іс қозғалды. Айғақ ретінде екі азаматшадан ұрланған алтын бұйымдарды тәркіленді. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.