Шымкенттегі «Динамо» стадионында полиция қызметкерлері мен отбасылары арасында спартакиада өтті. Спорттың волейбол, шағын футбол, жағажай волейболы және тағы басқа 10 түрінен өткен сайысқа облыс департаментінен 22 команданы құрайтын 700 полиция қызметкері қатысты.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, департамент бастығы полиция генерал-майоры Асқар Оспанов, ОҚО ІІД қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Султанов және ішкі істер органдарының бастықтары, департаменттің жеке құрамы, спортшылар мен қоғамдық өкілдер, БАҚ өкілдері және облыстың түрлі ұйымдары қатысты.
Ашылу салтанатында жас динамошылар бір мезетте бейбітшіліктің символы ретінде ақ көгершіндерді аспанға ұшырды. Салтанатты әнұран орындалып болған соң спартакиада қатысушылары мен құрметті қонақтар қызмет бабында қайтыс болған 22 қызметкерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан полицейлердің жұбайлары мен ата-аналарына сыйлықтар табысталды. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі полицейлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға жеңіс және қызметтеріне сәттілік тіледі.
Қазақстан полициясы күніне орай өткізілген шара ОҚО ІІД-нің бастығының қызмет бабында жоғары көрсеткішке ие болған бірқатар қызметкерлерге грамота, алғыс хаттар мен кезекші шендерін табыстаумен жалғасты.
Полицияның әйел қызметкерлері арасында тартысты өткен волейболда Еңбекші полиция бөлімінің спортшы қыздары оза шапса, ерлер арасындағы жағажай волейболында ОҚО ІІД аппараты құрама командасы жеңіске жетті.
Динамоның ауласында болған шағын футболда 1 орынды жол-патрульдік полициясы полкінің командасы иеленсе, ерлер мен әйелдер арасында өткен үстел теннисінде және тапаншадан оқ атуда ОҚО ІІД аппаратының құрама командалары жеңіске жетті.
Жол-патрульдік полиция полкінің қызметкері Қанат Өтешов қол күресінен ең мықты деп танылды. Турникке тартылуда үздік нәтижені ОҚО ІІД аппаратының қызметкері Қанат Нұров көрсетті. Кір тасын көтеруде 1 орынды Түркістан қаласының полицейі Евгений Кульков иеленді. Ал арқан таруда жеңіске жеткен ОҚО ІІД аппарат қызметкерлері болды.
«Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» отбасылық эстафетада ең жылдам әрі ең ұйымшыл отбасы екенін көрсетіп, нәтижелі бірінші орынды Төлеби ауданынан келген Түймебековтер отбасы жеңіп алды. Сонымен қатар құқық қорғаушылардың балалары арасында «Өнерлі балапан» ән-би байқауы өткізілді. Ұйымдастырушылар үздіктерге грамоталар және сыйлықтар ұсынды.
Спартакиада нәтижесінде жалпы командалық есеппен үздік атанған ОҚО ІІД-нің аппарат құрама командасы бірінші орынды жеңсе, екінші орынды Шымкент қалалық Еңбекші полиция бөлімінің құрама командасы иеленді. Ал үшінші орынға жол-патрульдік полиция полкінің командасы ие болды.
Жарыс соңында генерал-майор Асқар Оспанов жеңімпаздарды грамота, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы