Шымкентте үш бірдей баспана отқа оранды. Оқыс оқиға Тұрлан шағынауданында болған. Тұрғындардың айтуынша, газ құбырларын тексерушілердің салғырттығынан тұтанған қызыл жалын үш баспананы шарпып, шығынға ұшыратып отыр.
Газ құбырын тексерушілердің жұмысына сенген Кенжайым Сыйқымбекова олақ жұмыстың салдарынан баспанамнан айрылдым дейді. ІІІ топтың мүгедегі қолынан келер шарасы болмай, іштей тынған. Күн ара келетін газ тексерушілер жұмысының тыянақсыздығынан тағы екі тұрғынның үй өртеніпті.
Барар жері, басар тауы қалмаған тұрғындар шығынды кімнің өтейтінін білмей дал. Айтуларынша, «Зенит» атты жекеменшік компания жұмысшылары кінәлі. Тыныш заманда тыныштығын бұзғандарды тауып, міндетті түрде жазаға тартылу керек дейді. Ал оған дейін аптап ыстықта күнелтетін баспана қажет.
«Менің үйімінің шатыры жанып, күлі қалды. Көршімнің үйінің өртінен мен де зардап шегіп отырмын. Не істерімді білмеймін. Дәл осындай жағдай ешкімнің басына бермесін».
Қызыл жалынмен күреске төтеншеліктер шақырылған. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелмеді. Оқыс оқиғаның мән-жайы жіті тексерілетін болады. Ал төтеншеліктер кез келген жанға есік ашып, көрсететін қызметтеріне сенбеуге шақырады. Құжаттарын түгелдеп, мекемеге қоңырау шалып барып, рұқсат берген жөн дейді.
Ғалымжан Кенжебек