Шымкентте жарымжан азаматтар жұмыспен қамтылмақ

412

Шымкентте жұмыссыз жарымжан жандардың қатары азаяды. Бұл үшін шаһарымызда тағы бір игі бастама қолға алынып, жүзеге асқалы отыр. Мұндай маңызды ақпарды Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді. Мекеме мамандарының айтуынша, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам назарынан тыс қалмай, тұрақты жұмысқа тартылуы үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.

Шарапаты мол шарада мүгедек азаматтарға түрлі саладағы бос қызметтер арнайы таныстырылып, ұсынылады. Тіпті аталған жәрмеңкеде жұмыссыз жандар жұмыс беруші тараппен тікелей жүздесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ, өздерінің қабілет-қауқарын айтып, қалаған кәсіпорын немесе өзге де бос жұмыс орындары қарастырылған мемлекеттік мекемелерге тиісті түйіндемесін қалдыра алады.

Асылжан Жамалбеков,
Асылжан Жамалбеков

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры: «Өткен жылы біз мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан мейлінше тыс қалдырмай, қоғамдық шаралар, оның ішінде тұрақты жұмысқа тарту жобасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасадық. Мәселен, жыл басында 479 мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Қуантарлығы, 12 айдың ішінде 498 мүгедек азамат  жұмыспен қамтылды. Ал жұмыс орындарының 3 пайыз мөлшерінде мүгедектер үшін квота белгілеу бойынша жоспарланған 309 адамның 312-і, яғни 101 пайызы орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 47, қайта даярлау курсына – 11, жаңа жұмыс орындарына – 22, «Жастар практикасы» бағдарламасына – 16, қоғамдық жұмыстарға – 40, бос жұмыс орындарына 50 мүмкіндігі шектеулі азамат жолданып отыр. Осы орайда ескеретін маңызды мәлімет – мемлекеттік бағдарламаға еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтар, атап айтқанда, кәсіптік оңалтудан өткен (ИПР) ІІ немесе ІІІ топтағы мүгедектер қатыса алады».

Айта өтетін ақпар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 24 маусым күні орталық саябақта өтеді. Басталуы сағат 9:00-де. Ал жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген жандарды қалалық халықты жұмыспен қамту  орталығының мамандары қарсы алады. Жауаптылар бағыт-бағдар көрсетіп, құжаттарын рәсімдеуге де өздері көмектесетіндерін алға тартып отыр.