Шымкент қаласының полицейлері із-түзсіз жоғалған 7 жасар қызды тапты. 6 маусым күні сағат 00:40-та Төле би аудандық ішкі істер бөліміне 30 жастағы жергілікті тұрғын 2009 жылы туған, Төле би аудандық мектептердің бірінде 2 сыныпта оқитын қызы 5 маусым күні күндіз үйінен шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы арызданып келеді.
Жоғалған мектеп оқушысын іздеуге Төлеби АІІБ-нің және ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Із-түссіз жоғалған қыздың жүрген жерін анықтау үшін барлық тәртіп сақшыларына бағыттар берілді, жедел-іздестіру тобы жұмысқа кіріскен.
Шымкентте жол-патрульдік полициясының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шарасы барысында облыс орталығы көшелерінің бірінде үлкендердің қарауынсыз қыдырып жүрген қыз табылды. Полицейлер жеткіншекті қалалық уақытша бейімдеу орталығына жеткізіп, оның Төле би ауданында жоғалған 7 жасар қыз екенін анықтаған.
Жас қыздың айтуынша, Шымкент қаласына таксимен келген екен. Полиция қызметкерлері қажетті шараларды жасаған соң, қызды ата-анасына тапсырды. Осы орайда полицейлер тұрғындар мен қонақтарға өздерінің балаларына мұқият және қараусыз қалдырмауды сұрайды.