Ынтымақ тұрғындары шағын орталықтың жабылғанына наразы

625
Ынтымақ ауылының тұрғындары шағын орталықтың жабылғанына наразы

Cарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылындағы №8 мектеп басшылығы мен ата-аналар арасында келіспеушілік туындады. Мәселе мектеп жанындағы шағын орталыққа байланысты. Шағын орталықтың жұмыс істеуіне көмегін аямаған ата-аналар перзенттері тәрбиеленетін мекеменің жабылғанына наразы. Ал мектеп директоры сынып бөлмелері жетіспейді дейді.

Ынтымақ ауылының тұрғындары шағын орталықтың жабылғанына наразы

Тәрбиленушінің атасы Жорабай Насрединов ашуын жасырмады. Мектептің жанындағы шағын орталықта балаларына ыңғайлы болсын деп, ата-аналар қолынан келген амалын жасаған. Алайда, ол мекеменің есігі жабық. Балаларға мен осында қызмет етушілерге ғимаратқа кіруге тыйым салынған.

Ынтымақ ауылы тұрғындарының қолында шағын орталықты жабу жөніндегі Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұйрығы да бар. Онда мекеменің жабылу себебі кадрлардың қысқартылуына байланысты деп көрсетілген. Мектеп басшылығы бұл жағдайды ата-аналарға түсіндіруден бас тартқан. Соңын ойлаған болуы керек, басшы көп ұзамай өз бөлмесінде отырып, мектептің өзіне бөлме жетіспейтінін, тіпті, қосымша сынып бөлмелері қажет екенін айтып ақталды.

Ата-аналар арасындағы текетірес жайлы ауылдық әкімдік өкілдері де хабардар. Жартытөбе ауыл округі әкімінің айтуынша, оларға балаларын өзге шағын орталыққа орналастыру жөнінде ұсыныс та жасалған.

Ата-аналар мұнымен келіспейді. Балаларын тек осы «Айни» атындағы мектептің жанындағы шағын орталыққа береміз, осы мәселені шешпей қоймаймыз, деп отыр. Айтуларынша, мекеменің ашылуына барынша атсалысқан, бар күшін жұмсаған. Қосымша сынып бөлмелерін жаңадан салса да, оңтайлы жолмен шешуге болады, деп есептейді.