Ұлт-азаттық көтеріліске – 100 жыл

567
Ұлт-азаттық көтеріліске - 100 жыл

Биыл – 1916 жылы болған ұлт-азаттық көтерліске 100 жыл. Осыған орай Шымкентте қанды қырғынның құрбандарын еске алу кеші өтті. Тарихшылардың айтуынша, көтеріліс кезінде өңірде қаза тапқандардың саны он мыңнан асып жығылған. Олардың басым бөлігі өрімдей жастар.

Дәл осы жылдың 25 маусымында ақ патшаның Түркістан мен дала өлкесінен 19-43 жастағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы жарлығы шыққан болатын. Бұл жарлық халықтың шыдамын тауысып, көтерілуіне түрткі болды.

Ұлт-азаттық көтеріліске - 100 жыл

Бірақ, бұл көтерілістің нақты шығуына қара жұмыс себеп болған жоқ. Оңтүстіктің зерттеушілері осылай деп есептейді. Өйткені жердің дауы бір ғасыр бұрын басталған екен. Үкімет өз билігін пайдаланып, шұрайлы жерлерді өзгелерге беріп отырған. Қазақтардан тартып алынған жер патша офицерлеріне, шенеуніктерге, дін басыларына, казак әскерлері мен Ресейден, Украинадан қоныс аударған шаруаларға үлестірілді. 1916 жылдың ортасына таман тартып алынған жердің көлемі 45 млн ондыққа жетті. Яғни, қазақтың қанымен алынған жерлердің 12 пайыздан астамы өзгелердің меншігіне өтіп кеткен.

Шаруа Пірмәт, «Қадірменді қариялар» қоғамдық ұйымының төрағасы: «Ресейден көшіп келгендерге қазақтың шұрайлы жерлері берілген. Міне, осы мәселені көтергендіктен көтеріліс басталған. Қазақтың қанымен қорғаған жерін сол кезде Алаш зиялылары оңайшылықпен бергісі келмеген. Сол кезде патшалық «Бұл қазақтар басын көтермеуі керек» деген. Күресетін адамдардың барлығын біртіндеп өлтіріп кете берген.»

Ия, дәл солай. Жері үшін, елі үшін күрескен әрбір азаматты сол кезде өлім жазасы күтіп тұрды. Бұл көтеріліс бүкіл қазақ даласын шарпыды. Әр аймақта бас қосқан алаштың азаматтары қолдағы жоққа қарамастан патша үкіметінің қарулы әскеріне қарсы соңына дейін шабуыл жасады. Өңірдің зертеушілердің сөзінше, Оңтүстікте де ұлт-азаттық көтеріліске шыққандардың саны он мыңнан асады. Бірақ, бостандық таңын аңсағандарды билік басындағылар өлім жазасына кесіп, барлық туысқандарының алдында дарға асқан екен.

Момбек Әбдіәкімұлы, жазушы: «Патша әскерлері Арысқа барады, одан Түркістанды қырып-жойып өтеді. Одан Қазалыға барады. Қырғын сұмдық оқиғалар болған. Рұсқұловтың есептеуінше, сол жылдары ұлт-азаттық көтерілісте 13 мыңнан астам адам қырылған. Оның 715-і дарға асылған. Ал 415-і ату жазасына кесілген, 5000 қамауға алынған.»

Жазушылардың сөзіне қарағанда, 1916 жылғы көтеріліс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір ғасыр өтсе де Қазақ жерінде жер дауы шешімін таппған. Бұған дәлел – Атырау, Ақтау қаласындағы биылғы митингілер. Ал осы көтерілісте белсенділік танытқан Макс Бокаев пен Талғат Аяновқа қатысты шыққан сот үкімі әділ болмады дейді жиынға қатысушылар. Сондықтан, екі азаматтың ақталып шығуына бар күш-жігерін салмақ.

«Макс Боқаевпен пен Талғат Аян деген азаматтар – ел жанашырлары. Олар шын мәнінде ұйымдастырған көтерілісті. Менің Тоқтар Төлешов қаржыландырған дегенге сенбеймін. Қазақтар ақшаға бас көтеріп, жері үшін ақшаға сатылды деген – ол бізді қаралау. Бұған Тоқтар Төлешовтың еш қатысы жоқ. Бұл – екі азаматтың еліне жеріне деген патриоттық сезімі. Сондықтан, оларды қаралау дұрыс емес.»

Осылайша еске алу кешіне жиналғандар Алаштың азаматтарын ардақтап, тарихтың қатпарында қалған деректерді ортаға жайып салды. Зерттеушілер алдағы уақытта көтерілісте елеусіз қалған ер-азаматтардың ерлігін кеңінен насихаттаймыз дейді. Осы мақсатта қазір тарихи кітап жазылып жатыр. Бірер күнде оқырманға жол тартпақ.