Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын жас ұрпақ ерте бастан сіңіруі тиіс! Мектеп қабырғасындағы оқушылар осыны ұғынуы керек. Осы мақсатта қаламызда №46 мектеп-лицейінің оқушылары ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мерекенің мерейін айқындайтын, «Біз — Тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз!» форумын ұйымдастырды.
Егеменді елдің жылнамасын жас ұрпақ жадына сіңіруі тиіс. Үш тілде өткен шараның басты мақсаты да осы еді. Салтанатты кеште оқушылар Қазақстан тарихынан көріністер қойып, сыр шертті. Сонымен қатар көңілді әндер шырқалып, биден шашу шашылды.
Мұнымен шектеліп қалмаймыз дейді мектеп басшылығы. Олардың айтуынша, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 15 желтоқсанға дейін атқарылатын іс-шаралар жоспары нақтыланып, дайындықтар басталып кеткен.
№46 мектеп-лицейінің оқушылары тек бимен емес, өнертапқыштық қабілеттерімен ел назарын аударды. Мысалы, 10 сынып оқушысы Артем Агеев форумда өзі ойлап тапқан жел генераторын таныстырды.
Артем Агеев, оқушы: «Жел генераторын жасау туралы идея физика сабағында отырғанымда келді. Қозғалыс, жел арқылы экологиялық таза қуат көзін алуға болатынын білеміз. Міне, осыны практика жүзінде жасап көргім келді. Жел генераторы арқылы алынған қуат көзі тоңазытқыш, теледидардың жұмыс істеуі үшін жеткілікті энергия бере алады. Бұл құрылғыны әлі жан-жақты толықтыру керек, кейін ақпан айында мектеп оқушыларының көрмесіне шығаруды ойластырып жүрмін.»
Егемендіктің қадірін біліп, «Тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз!» деп ұрандатқан жастар алдағы бір ай бойына мерекелік шаралар өткізбек. Ал білім ордасының басшылығы бұл іс-шараларды тамашалауға ниетті жандарға есігіміз ашық дейді.
Әлия Әділбек