ОҚО әкімі спортшылармен кездесті

475
ОҚО әкімі спортшылармен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтың спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуға облысымыздың спорт ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер және үздік спортшылар, сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігіне қарасты дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты.

ОҚО әкімі спортшылармен кездесті

Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев биылғы 9 айда атқарылған жұмыс пен алда тұрған міндеттер жайын баяндады.

Атап айтқанда есепті мерзімде облыс аумағында 3,5 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 431 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен бірге салауатты өмір салтымен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 674 172 адамға жетіп, облыстағы барлық жастағы халықтың 24% құрап отыр.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 59 (36 олимпиадалық, 23 олимпиадалық емес) спорт түрі дамып жатса, атлеттеріміз Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 390 алтын, 384 күміс, 377 қола медальға қол жеткізген. Ал Азия чемпионаттарында 19 алтын, 15 күміс және 19 қола медальге ие болды. Осы мерзім аралығында өткен әлем чемпионаттары мен кубоктарында 16 алтын, 8 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.

ОҚО әкімі спортшылармен кездесті

Отырыста жиынға қатысушылар саладағы бүгінде өзекті болып тұрған мәселелердің жайын жеткізді. Нақты айтқанда олар ауылды жерлерде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға балалар мен жастардың жеткіліксіз дәрежеде тартылуына алаңдады. Сондай-ақ, облыстағы спорт нысандарында тиісті құралдармен төмен дәрежеде жабдықталуына байланысты оларға жастар аз барады, ал спорт алаңшаларының саны аз. Спорт жанашырлары басқармаға қарасты облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің медициналық жабдықтармен, фармакологиялық және қалпына келтіру құралдарымен жабдықталмауын, оларды емдеуде күндізгі стационардың болмауын сөз етті.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімі спорттағы бірқатар салалар бойынша ойын білдіріп, тапсырмалар берді. Спорт нысандарының жоспарлы түрде өз мерзімінде салынатынын ескерткен Жансейіт Түймебаев қолдағы бар спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, үйірмелердің бағасын қолжетімді ету арқылы оған жастарды көптеп тартуды жүктеді.

Аймақ басшысы, әсіресе, көркем гимнастикаға қызығушылық білдіріп, жас жеткіншектердің бойына эстетикалық тұрғыдан сұлу саналатын осынау спорттың негізін қалауды тапсырды.

Облыс әкімі назарға алған тағы бір мәселе – 4 жыл сайын өтетін халықаралық жазғы Олимпиада ойындарына жарты жыл қалғанда емес, осы бастан дайындалу қажеттігі еді. Бұл ретте әкім ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына түрлі шаралар өткізіп, оның ішінде, ауыл, аймақтардан жарыстар ұйымдастыру арқылы жас таланттарды іздеуді тапсырды.

Ал бұқаралық спортты дамытуда өңір басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құнын әзірлегенде үй алдынан салынатын құрылғылармен қамтамасыз етілген алаңқайлардың да міндетті түрде кіруі керегін ескертті. Сонымен бірге әкім болашақта облыс орталығынан жаңа спорт сарайы мен стадион салыну қажеттігіне көңіл бөліп, бұл жобаны алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.