Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыстық ардагерлер кеңесі мен «Ырыс алды- ынтымақ» қоғамдық форумы бірлесіп ұйымдастырған «Ата баба дәстүрі — ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында Шымкентте «Әже әлдиі» облыстық форумы өтуде. Мұндағы мақсат — сайыс арқылы отбасындағы тәрбиенің ұлағатты құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақтың бойында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген құрметін ояту.
Облыстық ардагерлер кеңесінің «Ата-баба дәстүрі — ұрпаққа аманат» бағдарламасы негізінде түрлі шараларды қолға алғанына биыл — төртінші жыл. Тәрбиелік мәні тереңде жатқан сол іс шаралардың жалғасы — бүгін бастауын алған «Әже әлдиі» облыстық форумы. Бұған дейін жыл бойы «Әже — ұлттың ұйытқысы» тақырыбында облыстың барлық аудан-қалаларында ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын жаңғыртып, дәріптеуге, оның қоғамдағы құндылығын арттыруға бағытталған кездесулер мен жиындар, конкурстар мен фестивальдер ұйымдастырылған болатын.
Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған әжелер алқасы мен 620 алқаның бастауыш ұйымдарының өкілдері екі күнге жалғасатын бұл сайыста өз өнерлерін ортаға салмақ. Бейнетінің зейнетін көрген шақта қоғамдағы өмірге белсене араласқан ақ жаулықты әжелер алғашқы күні-ақ халық әндерін насихаттап, көпті тәнті етті.
«Әже — ұлттың ұйытқысы» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Жүлдегерлерге облыс әкімінің, облыстық мәслихат пен облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттары табысталмақ.