Күнгейдегі бас кітапхана бес бірдей жаңа бөліммен толықты

791

Күнгейдің бас кітапханасы бес бірдей жаңа бөліммен толықты. Енді оқырмандардың саны еселеп артады. Мәдени ошақтың қызметкерлері оған сенімді. Біз де «Отырар» ғылыми әмбебап-кітапханасына арнайы барып, ондағы жаңа қызмет түрлерімен танысып қайттық.

«Өнер» әдеби бөлімі

Сая Балқыбек

Жас оқырман Сая Балқыбектің жасы онда. Мектеп оқушысы қолы қалт ете қалса болды, «Отырар» кітапханасынан табылады. Мәдени ошақтағы жаңа өнер бөліміне бұрылып, болашақтағы арман-мамандығын қазірден етене меңгеруге ниетті.

Сая Балқыбек, оқырман: «Мен дизайнер мамандығығын меңгергім келеді. Сондықтан күн сайын кітапханаға келіп ізденемін. Әзірге білетінім Айша бибі, қошқар мүйіз, тағы сол сияқты оюлар. Арасында ең күрделісі – қошқар мүйізді қағазға түсіру».

Кітапханадағы «Өнер» бөлімінің ашылғанына ай толған жоқ. Десе де жаңа бөлім жаңа кітап-оқулықтармен жасақталған. Тіпті есімі елімізге қолөнер шеберлері Құттыбек Жақыпов пен Қасымбек Нұрбекұлының қолынан шыққан еңбектер мен олардың өмірдерегі де арнайы орын алған. Кітап сөрелеріне кейіпкерлердің жұмыстарымен қатар салалық жинақтар да жайғасыпты.

Жеңіскүл Көшерова, «Өнер» әдеби бөлімінің меңгерушісі: «Оқырманға театр, кино, сәулет өнері, ән-би, сурет өнері, қолданбалы өнер, дизайн. Ұлттық ою-өрнектері бойынша кітаптарды ұсынамыз. Әзірге театр және кино саласына қызығушылық танытып жатқандар көп. Сондай-ақ, этнодизайнер Аманжол Найманбаев пен қылқалам шебері Батырбек Өтептің де құрметіне арналған бұрыштар ашылды».

«Отырар» ғылыми-әмбебап кітапеханасы өнерден бөлек тағы төрт бірдей жаңа бөліммен толығып отыр. Елбасы залында Н.Әбішұлы Назарбаевтың өміржолы мен еңбектері таныстырылса, «Оңтүстік» көрме залында жергілікті қаламгерлер мен өлкемізде жарық көрген жинақтар бар. Ал жазушы Еркінбек Тұрысовтың жеке музей-кабинетінде қаламгердің шығармашылығына қатысты тың дүниелер қойылған. «Ақерке» балалар залы бүлдіршіндердің танымдық сауатын арттыру үшін қызмет етеді.

Гүлмира Алпысбаева, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары: «Балаларға арналған бөлімде тек кішкентай оқырмандар үшін оқулықтар алынып, жинақталды. Ал көркемәдебиеттен  – «Оңтүстік» көрме залы мен Еркінбек Тұрысовтың залының толығуы үшін қаламгерлердің өздері көп көмектесті. Мәселен, Еркінбек Тұрысов өзінің еңбектері мен Елбасымыздың өзі тарту еткен кітаптарын әкеліп қойды. М.Шаханов және өзге де жергілікті жазушылар өз кітаптарын әкеп, бөлімдердің жасақталуын қамтамасыз етті.

Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейдегі бас кітапхананың қорында 370 мыңға жуық кітап бар. Оның 19 мыңы биыл жаңа бөлімдер арқылы толыққан.