Асқар Мамин бастаған делегация қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерінде болды

681
Асқар Мамин казақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерінде болды

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ іс-сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Делегация құрамында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы министрі Б.Сұлтанов, сыртқы істер министрінің орынбасары Ғ.Қойшыбаев, ұлттық экономика вице-министрі Т.Жақсылықов, инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Г. Амрин бар.

Астанадан келген жұмыс тобына ОҚО əкімі Жансейіт Түймебаев шекара бойындағы 4 кеден бекетін аралап көрсетті. Асқар Мамин бастаған топ казақ-өзбек шекарасындағы Б.Қонысбаев, Жібек-Жолы, Қапланбек кеден бекеттерінің қызметімен танысты.

Сапар барысында делегация мүшелері Б.Қонысбаев атындағы кеден бекетін көршілес Өзбекстан аумағына дейін кеңейту мәселесін талқылады. Сонымен қатар жүктерді өңдеу уақыты мен азаматтардың шекарадан өту процесін оңтайландыруды және Өзбекстанмен өзара тиімді сауда-экономикалық тауар айналымын арттыру мүмкіндігін қарастыру жайын сөз етті.

Асқар Мамин казақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерінде болды

Өзбекстанмен арадағы негізгі кеден бекеттерінің бірі болып табылатын Б.Қонысбаев бекеті автокөліктерді өткізуге арналған. Аталған кеден бекеті арқылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, алыс шетел (Иран, Түркия) мемлекеттерінің тауарлары мен көлік құралдары өтеді. Мәселен, өткен 2016 жылы осы бекет арқылы 42 мың жүк көлігі және 11 мың жеңіл автокөлік өткен.

Іс-сапар барасында делегация құрамы 2009 жылы қайта жөндеуден өту кезінде салынған Жібек Жолы бекетіндегі жолаушылар терминалында болды. Заманауи терминалдың пайдалануға берілуі ондағы жеке тұлғаларды тәуліктік өткізуді 14 мың адамға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, 2006 жылы өткізу қабілетін арттыру мақсатында жаңартылған Қапланбек кеден бекеті қызметінің аймағында аумағын кеңейтуді талап ететін Келес өзені арқылы өтетін көпір қаралды. Бүгінгі таңда осы бекет арқылы 28 мыңнан астам жүк және жеңіл көлік құралы, сонымен қатар, шамамен 2 мыңға жуық жеке тұлғаларды өткізуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара желісінің ұзындығы 958,76 шақырымды құрайды. Шекара маңындағы кеден бекеттерінің инфрақұрылымы бар және барлық заманауи электронды кедендік бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Бұл барынша қысқа мерзімде ЕАЭО кеден шекарасы арқылы өтетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылауға және рәсімдеуге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған 3 кеден бекетінен өткен 2016 жылы 6 миллионнан астам жеке тұлға мен 84 мыңға жуық жүк және жеңіл көлік өткен.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі