Мәжілісвумен: «Кәсіпкерлерге қысым жасауға жол берілмейді»

371
Мәжілісмен:

«Кәсіпкерлерге қысым жасауға жол берілмейді». Оңтүстікке келген парламенті мәжілісінің депутаты осылай деді. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауын жүргізген Меруерт Қазбековаға Ордабасы ауданының кәсіпкері шағымданып келген. Газ тарату жүйесін жүргізген мердігер өз жұмысына қаржы ала алмай отырғанын айтады. Енді кәсіпкердің соңғы үміті – мәжіліс депутатында.

Ануар Сейфуллин Ордабасы ауданында газ құбырын тарту бойынша атқарылған жұмыстарға ақы төленбегеніне арыздана келіп отыр. Айтуынша, бұл жұмыстарға тапсырыс беруші Ордабасы ауданының тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі жылдың басынан қаржыландыруды тоқтатқан. Себеп – тендерде жеңіске жеткен «Дос и К» ЖШС ресейлік қондырғыны тапсырыс берушімен келіспей орнатқаны болып отыр.

Ануар Сейфуллин, «Дос и К» ЖШС директоры: «Екі рет соттың шешімі біздің пайдамызға шешілді. Алайда жарты жыл болды, біз 700 млн теңгені ала алмай отырмыз. Серіктестікте 140 адам жұмыс істейді. Біздің жабдықтаушы компанияларымыз бар, олар бізді сотқа беріп жатыр. Шығынға баттық. Сондықтан құқық қорғау органдарына, «Нұр Отан» партиясына арыздануымызға тура келді. Бізге ұсынған қондырғы қымбат және сапасы жағынан төмен еді. Сондықтан біз ресейлік өнімге басымдық бердік.»

Бұл жолғы қоғамдық қабылдауды жүргізген мәжілісмен Меруерт Айтқажықызы мәселенің мән-жайын анықтау керек деп кесіп айтты. Сол үшін облыстық бас коммуналшыны да, Ордабасы ауданы әкімдігінен келген жауапты мамандардың да уәжін мұқият тыңдады.

Мараим Марғұлан, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: «Ордабасы ауданындағы газ тарату жүйесі аса қажет. № 19 АГРС Темірлан елдімекенін көгілдір отынмен қамтиды. Халықтың қауіпсіздігін қамту мақсатында бүгінде талап та қатал. Кәсіпкер отандық қондырғыны орнатудың орнына ресейлік өнімді келісімсіз орнатқан.»

Бұл дауды талқылау барысында мәжілісмен кәсіпкерге жергілікті облыс әкімдігіне қарасты басқарма мен Ордабасы ауданы әкімдігі тарапынан қысым жасалып жатқанын ашық айтты. Енді проблеманы заң шеңберінде шешу үшін Атамекен кәсіпкерлер палатасын тартатынын мәлімдеді.

Меруерт Қазбекова, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты: «Ануар, мен саған визиткамды беремін. Маған хабарласасың. Мен бұл мәселені жоғары деңгейде шешуге ықпал жасаймын. Ал сіздер, облыстың жауаптылары, жас кәсіпкер қателессе, жол көрсетіп, қолдау жасаудың орнына қыспаққа алдып отырсыздар. Ол дұрыс емес. Елбасы кәсіпкерлікті қолдау, қаржының жергілікті жерлерде тиімді жұмсалуы бойынша үнемі айтып келеді, жолдауы да осындай мәселелерге арналған. Сіздер халыққа қызмет жасайтындарыңызды ұмытпаңыздар. Жалақыларыңызды кәсіпкерлер мен халық төлеген салықтардан алып отырсыздар. Сондықтан әрбір мәселеге адами тұрғыда қарауларыңыз керек. Заман өзгерді. Адами фактор өте маңызды.»

Қоғамдық қабылдауды қорытындылаған мәжілісмен осылайша бұл мәселені өз қадағалауына алатынын айтты. Заң баршаға ортақ – сондықтан үшінші соттың шешімін күтуге тура келеді.