Шымкентте телефон алаяғы ұсталды

356
Шымкентте телефон алаяғы ұсталды

Шымкентте телефон алаяғы ұсталды. Халықты алдап жүрген азамат қоғамдық орындарда қалалықтардан қоңырау шалу үшін ұялы телефонын сұрап алып, соңынан қашып кетіп отырған.

Тек дәмханаларды нысанаға алған Н. есімді азамат ол ғимараттардан қашып шығу жолдарын алдын ала жоспарлап барып ісіне кіріседі екен. Мұның барлығын тергеу барысында айтып берген күдікті өткен жылдың қараша айынан бері 70 ұялы телефонды қолды қылғанын мойындап отыр.

Шымкентте телефон алаяғы ұсталды

Күдікті: «Кафеге кіріп, шұғыл қоңырау шалуым керек еді деп телефонын сұрап аламын. Содан қашып кетемін де базарға барып алыпсатарларға өткіземін.»

Тельман бөлімшесінің тұрғыны қылмысқа көңілдесім үшін бардым дейді. Айтуынша, кездесіп тұратын әйелі одан үнемі ақша талап етіп отырған. 34 жастағы азаматтың өз әйелі, үш баласы бар.

Қали Бейсенбаев, Шымкент қаласы, Абай аудандық прокуратурасының прокуроры: «2016 жылы қараша айынан бері Абай полиция қызметкерлері іздеу шаралары барысында, ақпанда Н есімді азаматты ұстады. Ол 70 қылмысын мойындады, 33-і дәлелденді.»

Тергеу шараларының барысында 12 ұялы телефон айғақ ретінде тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Қазір ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ал қалалық прокуратура өкілдері тұрғындарға жеке заттарына сақ болып, қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Гүлжан Байназарова