Шымкенттегі 30 үйге газ-дабыл құрылғысы орнатылды

498
Шымкенттегі 30 үйге газ-дабыл құрылғысы орнатылды

Жылыту маусымы басталғаннан бері Қазақстан аумағында газ жабдықтарының ақауы салдарынан 26 адам уланып, көз жұмған. Өкінішке қарай, осынау қайғылы жағдайдың көбісі Оңтүстіктте тіркеліп отыр. Оқыс оқиғадан мерт болған 12 адамның екеуі – бала. Осыған орай, иіс газынан уланудың алдын алу мақсатында газ таратушылар Шымкенттегі  аз қамтылған 30 отбасына газ-дабыл құрылғысын тегін орнатып берді.

Шымкенттегі 30 үйге газ-дабыл құрылғысы орнатылды

Алғашқы газ-дабыл құрылғысын мамандар Көксай-3 шағынауданының тұрғыны Нафиса Бектаеваның үйіне орнатуда. Бұл құрылғы мұржа тартпай қалғанда немесе улы иіс бөлме ішінде тарағанда автоматты түрде дабыл қағып, газ құрылғыларының  жұмысын тоқтатады.

Нафиса Бектаева, қала тұрғыны: «Құрылғыны тегін орнатқан мамандарға үлкен рахмет. Осыған дейін газдың иісі шығып тұратын. Дабыл құрылғысын орнатқаннан кейін улы газ тарағанын лезде білетін боламыз.»

Дабыл құрылғысы көгілдір отын мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде болатын төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді дейді газ таратушылар.

Шымкенттегі 30 үйге газ-дабыл құрылғысы орнатылды

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының Оңтүстіктегі өндірістік филиалының мәліметіне сүйенсек, 2016-2017 жылдары жылыту маусымы кезінде республика аумағында ақауы бар газ жабдықтарының жарылуы салдарынан 26 адам көз жұмған. Бұл қайғылы оқиғалардың басым бөлігі Оңтүстік өңірінде тіркелген. 12 оқыс оқиғада қаза болған 12 адамның екеуі – бала.

Нұрлан Қосмамбетов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚӨФ бөлім басшысы: «Газ жабдықтарындағы ақау салдарынан улануға жол бермеу мақсатында Шымкенттегі аз қамтылған 30 отбасына газ сигнализаторын орнатудамыз. Бұл іс-шара алда да жалғасын табады.»

Тұншықтырғыш газдың таралуына жол бермейтін құрылғы бұрын төтенше жағдай орын алған қаланың іргесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде орнатылды.  Темірбаевтар отбасы газ жабдықтарында ақау орын алып, газбен уланған кезді ұмытпайды.

Жазира Темірбайқызы, Алатау көшесінің тұрғыны: «Қазандығымыз болатын. Газдың иісі шыққан. Енді, міне, газ-дабыл құралын орнаттық. Ақау орын алса, сол заматта дабыл қағады екен. Яғни, газ жабдықтарынан газ тарату тоқтатылады. Оқыс оқиғаның алдын алатыны сөзсіз. Қамқорлықтарыңызға рахмет!»

Сала мамандарының мәлімдеуінше, көрші Ресейде газ-дабыл құрылғысы орнатылмаса, үйлер мен өзге де ғимараттарды табиғи газ жүйесіне қосуға тыйым салынған. Бұл тәжірибе үлгі тұтарлық деген газ таратушыылармен бірге рейдке құтқарушылар да қатысып отыр. Олар газды тұрмыста пайдаланудың қауіпсіздік ережелерін тұрғындарға түсіндірді.

Асқар Жақиянов, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы: «Біз ескертпе қағаздар таратып жүрміз. Мұнда қауіпсіздік шараларын ережелерін сақтау жөнінде ақпарат бар. Әсіресе жылыту маусымы алдында барлық мұржаларды, газ қондырғыларын міндетті түрде тескертіп тазартып алу керек.»

Табиғи газды тұрмыста пайдалану ережелері жайлы халыққа теларналар, радио және газет арқылы таратылады. Дегенмен, қауіпсіздік шараларына немқұрайлық танытатындар бар екені жасырын емес. Сондықтан, әсіресе, жылыту маусымында газдан улану фактілері азаймай отыр. Ал егер тұтынушылар газ-дабыл құрылғысын пайдаланса, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болар еді дейді жауаптылар.