Облыстық опера және балет театры тұрғындарды махаббатқа адал, шынайылық танытуға шақырды. Бұл өнер ордасының ұжымы таяуда Петр Масканьидің әлемге әйгілі спектаклін сахналады. Сезімнің сұлулығы көрініс тапқан «Ауыл намысы» атты премьералық қойылымды алғашқылардың бірі болып, біз де тамашалап қайттық.
Аңғал көңіл мен адами парасаттың пайымы. Жас пен жасамыс арасындағы құрмет пен ілтипат. Пәк пейіл мен сезімнің сұлулығын театрға келген көпшілік ХХ ғасырда, Сицилия ауылында өрбіген оқиғадан көре алды.
Гүлжан Расқалиева — опера және балет театрының белді әртісі. 9 жылдық тәжірибесі бар өнер иесінің айтуынша, сахнада тәкаппар сұлу Сантуццаны сомдау оңай болмапты. Бірақ, тәжірибелі маман тың тәсілді қолданып, рөлге етене енгенін жасырған жоқ.
Гүлжан Расқалиева, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Әйел заты үшін жан-дүниеңдегі дүлей мен сезім, ондағы сатқындықты сезіну өте ауыр. Кейіпкерімнің әрбір сөзін ғана емес, оның махаббатын әнмен жеткізу үшін осы оқиғаны айлап зерттедім. Қара халықтың байлықтан гөрі, абыройын, намысын жоғары қоятыны менің де бойымнан табылатын қасиеттер екенін айтқым келеді».
Қойылым желісінде сұлу Сантуцца мен Туридду сері бір-бірін құлай сүйіп, ғашық болды. Сол арада әскерге шақырылған жігіт сүйгеніне өз сезімін сеніп тапсырады. Араға аз-кем уақыт салып туған өлкесіне оралған кейіпкеріміз сатқындықтың куәгері болды. Сантуцца сүйгенінің сертін аттап, өзгемен көңіл қосып үлгеріпті. Трагедиялық туынды — қанды кекпен көрініс тапқан шығарманы театр симфониялық оркестрдің сүйемелдеумен ұсынды. Ал осы Петр Масканьидың әлемге әйгілі ең үздік еңбегін жоғары деңгейде сахналау үшін жергілікті өнер ұжымы Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлан Асанбековты арнайы шақырған екен.
Нұрлан Асанбеков, қоюшы-режиссер: «Спектакль кезінде Миланда өткен байқауға арнап жазылған. Авторға жеңіс сыйлаған еңбек. Сондықтан әсерлі көркем музыкамен көмкерілетін көріністері де көп. Оркестрдегі жасаққа бірқатар сазды аспаптарды қосымша қолдандық, әртістің дауысы анық әрі әсерлі шығып, қайғылы оқиғаның бояуын баяндайды. Театрдың әртістері жас әрі белсенді болған соң, өз даусындағы кең диапазонмен жеткізе алды».
Айта өтетін ақпар, «Ауыл намысы» қойылымына ұжымдағы барлық 90 әртіс жұмылдырылыпты, Ал күнгейдегі бекзат өнерді дәріптеуші театр енді ғасырлық тарихы бар туындыны алдағы уақытта халықаралық байқауларда қайта қоймақ.