Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

685
Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

Оңтүстік шаруалары өзара тәжірибе алмасып, кооперативтер құру ісіне жаппай жұмылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді бірігіп, ұжымдасып шешуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлініп отырған  түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді. Бұл туралы Түлкібас ауданы, Керейт ауылында өткен «Кооперация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты көшпелі семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Семинарға қатысушылар алдымен 2012 жылы өңірлік индустриялды карта шеңберінде іске қосылған «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС бекіре тұқымдас балық өсіру фермасының жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 452 млн теңге. Кәсіпорын жылына 40 тонна балық еті мен 30 келі қара уылдырық өндіруге қауқарлы. Балық өсіру ісінде мол табысқа кенеліп отырған «First Fish Company» ЖШС шараға қатысушыларға балық өсірудегі тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, қазіргі таңда облысымызда балық өнімдерін қайта өңдейтін – 3, балық өсіретін 28 шаруашылық бар. Мәселен, олар 2016 жылы 5213 тонна балық өнімдерін өндірген.

Семинарда сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтарға тоқталып, шаруаларды кооперативтерге бірігуге шақырды.

Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

– Біздің облыстың болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыруға кіріктіруге болады. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінген субсидияларға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы – Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

Бұдан бөлек, семинарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Теориялық жиында балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауылды жерде сүт өндіруші шаруашылықтардың басын қосу, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру туралы сала мамандарының пікірлері тыңдалды.

Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

Мұнан соң облыс басшысы аталған мекемеге қарасты «Арсен Ас» ЖШС жеміс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығару цехын аралап көрді. Жобаның жалпы құны – 600 млн теңге. Оның ішінде 120 млн теңгесі – серіктестіктің өз қаржысы, 480 млн теңгені «Максимум» қаржы ұйымы несиеге берген. Аталған зауытта 38 адам еңбек етеді.

Оңтүстікте балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

Ал «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС 2014 жылы ашылған фермасында 182 жылқы бар. Жобаның жалпы құны – 200 млн теңге. Фермада Ақалтеке, Донская, Кушумская, пони және асыл тұқымды мініс жылқылары жеткілікті. Аталған шаруашылық 1120 ұсақ мал мен шетелден әкелінген асыл тұқымды 660 абердин-ангус, 241 герефорд сиырын бағып отыр. Одан өзге жергілікті 900 ірі қара мал өсірілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі