Оңтүстікте биыл 1000 гектар суармалы жер айналымға қосылады

308
Оңтүстікте биыл 1000 гектар суармалы жер айналымға қосылады

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өңірдегі суармалы жерлерді ұлғайту мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиынға аудан, қала әкімдерімен қатар облыстағы су шаруашылығы мекемелерінің  басшылары, «Қазсушар» және «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында «Қазсушар» және «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» өкілдерінің атқарған жұмыстарының есептері мен ұсыныстары тыңдалды. Биыл 37 шақырымдық 12 су нысанына облыстық бюджеттен 996 млн. теңге бөлінген. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда 3005 гектар суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1000 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.

– Оңтүстік Қазақсан облысы аграрлық аймақ болып табылады және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты болғандықтан, аталған мәселені шешу маңызды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Европа қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен Шардара ауданындағы Жаушықұм алқабын суландыру, Отырар ауданындағы Шәуілдір үстеме каналын және 368 шақырымға коллектор-дренаж жүйелерін, Ордабасы ауданындағы Р-5 каналын қайта құру жобасын іске асыру пысықталды. Нәтижесінде  13,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады, 20 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.

Сондай-ақ, дүниежүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтаарал ауданында 39 757 гектар, Шардара ауданындағы 20 630 гектар және Түркістан қаласында 10 000 гектар жердегі суару жүйелерінің қайта жаңарту және қайта құру оспарланып отыр. Қазіргі таңда австралиялық «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаға жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек, облысымызда суды үнемдейтін жаңа инновациялық технологияларды қолдану әдісі енгізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 18,3 млн теңге бөлініп, Тараз қаласындағы «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты жасаған «Коллекторлық дренаждық суды фосфогит мелиорантын пайдалану арқылы ағын судың тапшылығын азайту» жобасы өндіріске еніп отыр. Бұл жоба облысымыздағы жалпы ағын су тапшылығын 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс.

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне тасқын суды жинақтайтын су құрылыстарын салу мен «Достық» мемлекетаралық каналын ағын сумен қамтамасыз етуді және коллекторлардың суын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен қатар суармалы жерлердің жағдайын жақсарту бойынша шаруа қожалықтарымен тұрақты түрде жұмыс жасаумен қатар каналдың қуаттылығын арттыру бойынша нақты  ұсыныстар енгізуді жүктеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі